ҚҰРАЛАЙЫМЫЗДАН КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛМАЙЫҚ

1  132 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Каспий итбалығы мен киіктерді қорғау туралы мәселе қозғады.

Қазақстан мен Ресейдің флора мен фаунасы өте бай. Осы орайда екі елдің де Қызыл кітабына енген Каспий итбалығын сақтау бойынша шаралар қабылдау қажет. Сондықтан Солтүстік Каспийде мемлекеттік резерваттар құруды қарастыру керек. Біздің елдегі бірегей жануардың бірі – киік. Қазақстан аумағында оларды атуға тыйым салынды, – деді Президент.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын ондаған мың Каспий итбалығының, сайын даланың сұлуы бөкендердің қырылуынан кейін елімізде бұл жануарлар Қызыл кітапқа енгізіліп, атуға қатаң тыйым салынды. Содан бері аздап өсімі бар. Алайда, өткен ғасырдың сексенінші жылдардағы санының ширегіне де жетпейді.
Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Қаратаудың беткейінде сағымға айналған ақбөкендер жортып жүретін. Қазір олар көзден мүлдем ғайып болған. Шынымен сағымға айналған.
Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды»,- деп жазды. Сол ғасырлар бойы сақталған қоршаған ортаға көзіміздің қарашығындай қарайтын озық мәдениетімізді ашкөздік атты дүние қоңыздықтың шелі басып кетті ме?
«Ақбөкен Еуропадағы ең жүйрік антилопа. Ол сағатына 80 шақырымға дейін жылдамдықпен қаша алады. Қазіргі кезде жүйрік шетелдік мотоцикл және Джип машиналарын мінген браконьерлерге ол оңай олжа саналады. Сондықтан жануарларды қорғаушы инспекторларға жүйрік көліктер мен сенімді ғарыштық байланыс желісі қажет. «Далалық» қорықққа жетіспейтіні осы»,-деп жазады Марина Серякова.
Эколог ғалымдардың пайымдауынша, бүгінде табындағы аталық саны шамамен нормаға сәйкес 18-20% болуы тиіс болса, қазір бестен он пайызға да жетпейді. Мұндай жағдайда, киік табындары тұқымсыз қалады. Киік –ең жүйрік, киелі жануарлардың бірі. Оны ел арасында ақбөкен деп те атайды. Киіктер мамыр айында төлдей бастайды. Сол кезде ауа райы бұзылып, суық жауын-шашын болады. Мұны қазақтар «Құралайдың салқыны» дейді.
Киіктің адам үлгі алуға болатын ең бір ерекшелігі- олар ешқашан жетім лақтарын тастамайды. Кез-келген киік маңырап шыққан жетім құралайды кездестірсе, қасына барып емізіп, өзімен ілестіріп алып кетеді. Безбүйрек аналар көбейген қоғамымызда үлгі алатындай құбылыс емес пе?!
Киіктің жүйріктігі сондай-туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жету оңайға түспейді. Қазақстанда киіктің саны күрт азайып бара жатқандықтан 2006 жылы Қызыл кітапқа енгізілді. 20-ғасырдың 90 жылдары Қазақстандағы Бетпақдала, Үстірт, Орал аймақтарында бір миллионнан астам ақбөкен мекен еткен. 2003 жылы 21 мың басқа дейін төмендеуінен бұл жануарларды сақтап қалу қазірге дейін үлкен проблемаға айналды. Биылғы құрғақшылық салдарынан қолдағы малдары қырылып жатқан Маңғыстау, Арал, Үстіртті мекендеген ақбөкендердің не жаны қалды екен?
Киіктердің санын арттыруға кедергі келтіретін өзекті мәселенің бірі жануарлардың жұқпалы ауруларға сезімталдығы. 2010-2013 жылдары БҚО, Қостанай, Ақмола облыстарында пастереллезден бөкендердің жаппай қырылуы анықталды. Нәтижесінде 14 мыңнан астам жануар қырылды. Министрліктің мәліметінше, киіктердің дерті әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Осы орайда, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен ҚР БҒМ 2012 жылдан бастап киіктердің инфекциялық індеттерін зерттеу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар инфекциялық дерттердің алдын алуға негізделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда 2015 жылы Қазақстандағы киіктердің үштен екіге жуығы қырылып қалды. Жыл басында 275 мыңға жеткен киік саны жыл аяғында 108 мыңға дейін кеміп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі жылда 10-сәуір мен 30 сәуір аралығында киік санағын жүргізеді. Оның нақты саны төлдері қарақұлақ болған соң шілде айында нақтыланады.
2015 жылы Орал, Бетпақдала, Үстірт өңіріндегі 150 мыңға жуық киік қырылғанда ресми мәлімет киік өліміне пастереллез ауруы себеп екенін айтқан. Кей ғалымдар киік қырғынына басқа да аурулардың қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. «Шындық» экспедициясын құрып, киік қырылған Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарын аралап шыққан астаналық белсенділер Қызыл кітапқа енген жануарлардың өліміне «ресейлік Протон» зымырандарынан бөлінген улы гептил отынының әсері бар» деген тұжырым жасаған. Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарыш кемесіне гептил пайдаланған деген пікірін жасырмайды.
Мамандар соңғы жылдары киік санының артып келе жатқандығын айтады. Қазіргі таңда Үстірттің өзін үш мыңға жуығы мекендейді. Жануарлардың бейқам жайылып, еркін төлдеуіне Жезқазған- Бейнеу темір жолының салынуы да кедергі келтірді. Себебі, ақбөкендердің жылдағы төлдеу орындары Арқаға асып, Торғай ойпатына Қорғалжын қорығына өтетін теміржолдың арнайы өткелдері орналасқан тұстары әлі де талапқа сай емес. Дәтке қуат болары, бұл мәселеге Президенттің шындап ден қоюы. Түркістан маңында Қаратау қорығы орман инспекторларының жанкештілік әрекетінің нәтижесінде архарлардың саны 600-ге таяса, Қызылшаруа маңындағы Елбасы Түркістанның 2000 жылдығына сыйлыққа тапсырған Бұхар бұғыларының саны 200-ден асып кетті.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қорықшылардың айлық жалақысын жыл сайын 20 пайызға көтеріп отыру туралы жариялады. Қазіргі таңда қорықшылардың орташа айлық жалақысы елу мың теңгеге де жетпейді. Сонда жылына қосылатыны 10 мың теңге шамасында. Қазіргі кезде мұны ай сайын өскен азық-түлік бағасы жеп қояды. Сондықтан, қорықшылар мен орман инспекторларына ерекше құқықтық мәртебе беріп, өркениетті елдердегідей архар, бұғы, киіктердің қартайғандарын шетелдіктердің аулауына лицензия беріп, оны қорықтар мен орман шаруашылығының материалдық-техникалық жарақтануына жұмсауға болады. Бір жағынан елімізге табиғатты тамашалаушы саяхатшылар мен аңшылық мақсатындағы туристердің көптеп келуіне де мол мүмкіндік жасалған болар еді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы