ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

491 көрілім

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалының бекітілген кестесіне сәйкес, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева өзінің шұғыл ұйымдастырылған мәжіліске қатысуына байланысты қоғамдық қабылдауды жеке көмекшісі Жанболат Өтегенов өткізді. Қоғамдық қабылдауға алдын-ала жарияланған хабарландыру бойынша 7 қала тұрғыны келді. Олардың басым бөлігінің мәселесі – материалдық жағдайға қатысты. Сонымен бірге, көпбалалы аналар мен жалғызбасты келіншектер мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтарын қойды. Барлық азаматтардың өтініш-тілектері мен байланыс нөмірлері алынып, оларға көтерген мәселелері бойынша шешімін табуға ықпал жасайтынын жеткізді.
Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханованың қоғамдық қабылдауына қала тұрғындары Айгерім Жұмашева мен Жанар Нұрпейісова өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналастырып беруіне ықпал жасауын сұранды.
Қалалық мәслихат депутаты Сәкен Ханділлаевтың қоғамдық қабылдауына келген қала тұрғыны Жұлдыз Қалдыбекова өз өтінішін жеткізді. Қаладағы көптеген көшелерге кәріз жүйесі орнатылып, қазған жолдар қайта қалпына келтірілмеген. Жаңбырлы күндері батпақ жолға айналып, көптеген мәселелер туындап отыр. Тұрғындар мен балалардың, егде жастағы адамдардың жүріп тұруына қолайсыздық келтіріп жатқанын мәлім етті. Ал, тұрғын Ұлпан Әбдірахман ауруханалардың мүлдем талапқа сай келмейтіндігін айтып шағымданады. Ерекше күтімді қажет ететін інісінің жағдайын баяндап, аурухана дәрігерлерінің немқұрайлы қарағандығын баяндады.
Қалалық мәслихат депутаты Рая Ибадуллаеваның қоғамдық қабылдауына келген Нигора Артикова бірнеше мәселені алға тартты. Тұрғын үй және жер кезегіне тұра алмай жүргендігін, атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүргенін айтты. Бахриддин Умаров өздеріне қарасты көшесіне кәріз жүйесі қай уақытта жүргізілетіндігін, Шарбан Сәрсенова ұлының мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына ықпал жасауын, Ләззат Халбенова тұрғын үй кезегіне тұруға көмек беруін сұранды.
Қала әкімдігінің дербес бөлім басшысы мен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша тиісті шешім қабылдап, орындалуына ықпал ететінін жеткізді.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы