ҚАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

1  195 көрілім

Ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы тағайындалды. Мерекелік шараға қатысқан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев бұл орынға Қолдасова Оразкүл Шайхықызының тағайындалғаны туралы бұйрықпен таныстырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Оразкүл Шайхықызы педагогикалық қызметтің бірнеше баспалдағын басып өткен жоғары білімді ұстаз. Қолдасова Оразкүл Шайхықызы 1967 жылы 6 қаңтарда Қызылорда облысында туған. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының түлегі. Мамандығы бойынша сызу, бейнелеу өнері және еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-психолог. Еңбек жолын 1988 жылы Сайрам ауданындағы мектеп-гимназиясында мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, орта мектеп пен мектеп-гимназия директоры лауазымдарын абыроймен атқарған. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында да нәтижелі еңбек еткен. Сайрам аудандық білім бөлімін басқарған білікті басшы.
Оразкүл Шайхықызы Ресей Халықаралық университеті Жоғары ғылыми кеңесінің шешімімен Педагогика ғылымдарының кандидаты, Философия ғылымдарының гранд докторы (GPhD), Философия ғылымдарының докторы ғылыми атақтарын иеленген. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісінің, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің, «Тәуелсіздікке – 25 жыл», «Білім беру ісінің үздігі», «Сайрам ауданына – 90 жыл», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгі және медалдарының иегері.
Түркістандық ұстаздардың тізгінін ұстаған Оразкүл Шайхықызының алдағы жұмыстарына кәсіби табыстар тілейміз. Білікті басшы киелі қаланың ағарту саласын биікке бастайтынына сеніміміз мол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы