ЖАҢА ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ САПАСЫНА СЫН АЙТУДА

576 көрілім

Жақында Кентау қаласында он көпқабатты үй пайдалануға беріліп, 580 – жан жаңа қонысқа орналасқан. Бұлардың дені көп жылдан бері пәтер кезегін күтіп жүрген әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар.
Бұл үйлердің бірқатары сапалы жасалғанымен соңғы тапсырылған, әрі шеткісі №188 үйдің тұрғындарының билікке өкпелері қара қазандай. Себебі, бұл үй тым асығыс, қыстың көзі қырауда салынғандықтан бітпей қалған, қиюы қашқан құрылысы көзге ұрып тұр.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің құрылысын «Ақжол» фирмасы бастап, бірақ құрылысты талапқа сай орындамағандықтан, оның орнын «Кентау құрылыс» мердігер компаниясы жалғастырған. Алайда, екі компания да құрылыс жұмыстарын кестеге сай мерзімде, сапалы ете алмағандықтан, мемлекеттік комиссия қабылдамай, соңында жұртшылық өкілдері шағымданып, әкімдіктен шықпай қойғандықтан, карантин режимін пайдаланып, жекелей шақырып алып, үйдің құжаттарын тапсырған.
Алайда, ондаған жылдар бойы сарғайып күтіп, жаңа пәтерге бас сұққандарында есігі қисайған, едені шаңқыған, дәретхана иісі аңқыған, балконы ашық-шашық, электр құралдары қалай болса солай жалғанған. Көршілері бір –біріне кіріп шыққанда, бәрінде осындай жағдайлары көзге ұрып тұр. Пәтерлерде ыстық су, газ жоқ. Амалсыздан құтыдағы газды пайдалануға мәжбүр болып отыр. Күні ертең төтенше жағдайлар басқармасы «көпқабатты үйде құтылы газды пайдалануға болмайды, қауіпті» деп пәтер иесіне айыппұл салмасына кім кепіл. Пәтерге ие болғандар амалсыздан барлық кем-кетіктерін өздері жамап-жасқап орналасуда.
Бәрінен бұрын, тұрғындар үйді бөлу кезінде алалаушылықтың болғандығына қынжылады. Өздерін айтпауды өтінген бірнеше тұрғынның хабарлауынша, тұрғын үй кезегіне қарамастан тізімнің алдынан өткізіп жіберу мен сапалы пәтерді және қалаған қабатынан иемдену пара беру арқылы жүзеге асырылғанын алға тартады. Билік өкілдері мұны «Біз тұрғындар арасында жеребе тастау арқылы өздеріне қолайлы пәтерлерді бердік» деген уәж айтады екен. Мәселенің мәнісіне үңілсек, мүлдем басқа картина көз алдымызға келді. №186 үйдегі 2-ші пәтердегі Юрий Шелеповтің отбасы осы үйді алатын болған соң, Шахтерская көшесіндегі №27 апатты жағдайдағы жер үйін өткізіп, осында көшіп келген. Алты жанмен бір бөлмеде сығылысып тұрып жатыр. Үшеуі мүгедектігі бар жандар. Бұл ешқандай қисынға келмейді. Адами қадамға жатпайды. №188 үйдің 12-пәтеріндегі Жанна Алаева 20- тамызда пәтерге кіргенімен әлі күнге дейін газ, ыстық су жоқ екендігін айтады. Жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын өз күшімен жасап алған. Ендігі «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, бұл аймақтан он үйден 580 пәтер берілген болса, үйдің кезегі сақталмаған сыңайлы.
Мәселен, 2011 жылы 400-ші болып үй кезегіне тіркелген бес баласы бар Зүльфия Хашимова 2021 жылы кезегі 15-ке жеткендігін, алайда тиісті кезегімен бастапқыда берілген үйлерден пәтер бұйырмай, ең сапасыз шеткі үйден, бірінші қабаттан пәтер берілгеніне қынжылып отыр. Жарығы, газы жоқ, балконы қоршалмаған. Қала тұрғыны екі қыз, үш ұлы бар жалғызбасты Алмагүл Дүйсенбиева 2012 жылы 310-шы болып кезекке тұрады. 2021 жылы 9-шы болып кезекте тұрса да, соңынан тапсырылған ең сапасыз №188 үйден пәтер бұйырған.
2013 жылы алты баласымен 533-ші болып үй кезегіне тіркелген Замира Иманалиева 2021 жылы 38-ші болып алға жылжиды. Бұл кісі бастапқы берілген 60 адамдық сапалы пәтердің біріне кіруі тиіс еді. 2014 жылы үй кезегіне 532-ші болып тіркелген, 2021 жылы 127-шіге ілгерілеген екі баланың анасы Толқынай Байжанова №188 үйге әрең қол жеткізген. Мұның барлығын билік өткізген «жеребенің жемісі» деуге әбден болады.
Айта кету керек, қала шетіндегі бұрын күлді-қоқыс төгілетін аумақтан тұрғызылған, жаңадан пайдалануға берілген он көп пәтерлі үйлердің айналасы күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Жақында ғана Кентау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Қуаныш Ысқақов бұл айтылған мәселелердің барлығынан хабардар екендігін, соған байланысты көп қабатты тұрғын үйлердің қоныстанушыларымен тұрақты кездесулер өткізіп, құзырлы мекемелермен бірлесіп, қордаланған жайларды біртіндеп шешіп жатқандығын атап өтті.
Қуаныш Ғалымжанұлының айтуынша, бұл үйлерге қоныстанушылар бес санатқа кіреді. Алдымен әлеуметтік осал топтары, мүгедектер, көп балалы отбасылары, жетім-жесірлер, үйлері апатты жағдайда болған қала тұрғындары және бюджеттік мекеме қызметкерлері. Олардың барлығын алаламай, бір мезгілде барлық он үйге бөлгендіктен, тұрғын үй комиссиясы әділетті қарады деп есептеуге болады.
Ал, Кентау қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі Елнұр Ермановтың айтуынша, 2019 жылдан басталып, 2020 жылы құрылысы аяқталған нысанның бір жыл бойы қыста жылусыз тұрып қалуынан бірқатар ақаулықтар пайда болған. Соған байланысты қазіргі таңда құрылыс мамандары мердігер компаниялардың бес жылға берілген кепілдігіне орай, осы №182 үйдің 2 –пәтерінен офис ашып, үйлерінің салыну сапасына көңілі толмаған тұрғындарды тұрақты қабылдауда. Сол арқылы құрылыс ақаулықтарын қалпына келтіруде.
Бұл он көппәтерлі үйлер сапасы мен Кентау қаласына газ бен су жүргізу жайы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатаң бақылауында тұр.
Жақында ғана Кентау қаласындағы жұмыс сапарында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев көпқабатты тұрғын үйлерге газ кіргізуге бағытталған шараларды, ауыз су мәселесімен қамту жайын бақылап, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді. Енді мәселенің қай уақытта, қалай шешімін табатыны кентаулық шенеуніктердің еншісінде.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы