Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – негізінен, жақсылық пен игіліктің нышаны. Жолдауды қолдаймыз! Оған сөз жоқ. Жолдауда – пандемиядан бастап, жемқорлыққа дейінгі барлық мәселелер қарастырылған. Президентіміз: «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу», – дей келе, «мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын-ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек», – екендігін еске салды. Дұрыс та, құптарлық сөз. Біз осы уақытқа дейін, салдармен алысып болдырдық. Келеңсіз жайт орын алғанда ғана, аттан салу әдетке айналған. Мемлекет басшысы осыған байланысты мәселені төтесінен қойып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі: «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз!» – деп шегелейді. Дәл осы, е басы жоқ, е аяғы жоқ, шетсіз, шексіз «жемқорлық» деген жегі құрттың жыр болып келе жатқанына көп болды. Бұйыртса, осы Жолдау – жемқорлықтың жолына тосқауыл қоятын кез келді.
Мемлекеттік басқару жүйесін де жаңартатын уақыт жеткенін жеткізген Президентіміз ауыл шаруашылығы мәселелерін де назардан тыс қалдырмайды: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Бұдан артық, бұдан ашық қалай айтуға болады. Рас қой! Ал, қазіргі ауыл шаруашылығының халі нешік? Қалтасы тесік, алақаны бос. Осыған орай, ауыл шаруашылығына да қажетті көмек берілетіндігі көңілге қуаныш ұялатады.
Даңғаза дақпырт, бос қиялмен жұрттың жағдайы жақсарып кетпейтіндігін меңзеген Мемлекет басшысының: «Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек», – дегені – қалың қауымды демегені! Жолдаудағы мақсаттар дер кезінде жүзеге асса, жұрт жақсылыққа кенеледі.
Сапалы білім мен салалы ғылымды, дәрі-дәрмек пен медицинаны, азаматтардың мүддесін қорғау мен әділетті мемлекет концепциялары – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы қарымын және елі үшін туған ер екендігін көрсетсе керек.
Ақсүмбе БОСТАН,
С.Ерубаев атындағы музейдің меңгерушісі.
