ТҮРКІСТАНДЫҚТАР “АТАМЕКЕН” ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЭСТАФЕТАСЫН ҚАБЫЛДАП АЛДЫ

631 көрілім

Сейсенбі күні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің бірлескен жобасы – «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясының эстафетасы Қызылордадан қасиетті Түркістан өлкесіне келіп жетті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған бастаманың мақсаты – өңірлердің тарихи-мәдени және туристік әлеуетін таныту. Түркістан мен Қызылорда облыстарының шекарасында мәртебелі қонақтарды танымал жазушы, «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» Халықаралық сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұт, белгілі классик ақын, К.Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалиев, Түркістан облысының үздік жазушысы номинациясының иегері Абылай Есімбай, сонымен қатар Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков пен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дінмұхамед Жақыпбеков бастаған, құрамына бірқатар ақпарат құралдарының өкілдері кірген топ дәм-тұз ұсынып, құшақ жая қарсы алды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы тілшісі Мұрат Жетпісбаев бастап келген делегация мүшелеріне жазушы Мархабат Байғұт «Түркілер төрі Түркістан» атты кітабын сыйға тартты.

Шекарадағы кездесуден кейін экспедиция мүшелері бірден сол маңдағы байырғы Сауран қалашағына ат басын тіреді. Жаңадан құрылған аудан тарихи жәдігерлерге бай өлке. Іргетасы сонау ІХ ғасырда қаланған Сауран Ұлы Жібек жолының маңызды бөлшегі, бір кездері Ақ Орда хандығының астанасы болғаны мәлім. Еліміздегі ең көне қалашықтардың бірі саналатын Сауранның әлі ашылмаған сырлары мол. Біраз уақыттан бері мұнда ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Делегация құрамындағы қонақтар облысымыздың 17-ші ауданы болып құрылған Сауран ауданының қазіргі тыныс-тіршілігімен де танысты, алдағы уақытқа жоспарланған жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік танытты.
Айта кетерлігі, қойнауы тарихи сырға толы Сауран қалашығына табан тіреген топ құрамында белгілі жазушы, журналист Мархабат Байғұт экспедиция жөнінде былай дейді: «Бұл экспедицияның мәні – ата-балалар аманаты тұрғысынан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Ұлы даланың жеті қыры бағдары тұрғысынан қарағанда өте маңызды жөні бөлек, жосығы ерек. Себебі, жер бетінде ұлтарақтай жерге зар болып жүрген ұлттар бар. Қазақстанға осыншама кең байтақ жер берген құдайға шүкір. Міне, осы ұлан ғайыр далада қан төккен, тер төккен ата-бабалардың аманаты елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ. Сол мұрат-мақсаттарды жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін мұндай экспедицияның мәні мен мәнісі өте үлкен».
Түркістан өңірінде осылайша бастау алған «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясының өкілдері Сауран ауданына сапарынан соң күллі түркі жұртына ортақ қасиетті Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Экспедицияның эстафетасын қабыл алғаннан кейінгі алғашқы қадам осы жерге жасалды. Демек, игі шара Түркістан өңірінде Ахмет Ясауи кесенесінен бастау алды деп тұжырым жасауға болады. Ол жөнінде К.Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, классик ақын Нармахан Бегалиев: «Біз бұған дейін де «Егемен Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен 2000 жылы Сайрамнан Түркістанға шаһардың 1500 жылдығына орай жаяу келгенбіз. Ондағы экспедицияға қатысқан мүйізі қарағайдай ағалардың біразы кетіп қалды. Бүгінде соларды еске алып тұрмын мен.
Енді Қ.А.Ясауи кесенесінен бастауымызда үлкен мән бар. Осы зиялы қауымның арасында кейде жеке адамға табыну, кесенеге келіп мінәжат ету құдайға серік қосу деп айтылып қалады. Мен бұған қосылмаймын. Себебі, Қ.А.Ясауи Алланың нұры түскен адам. Біз осында келіп тілек тілесек, Алланың нұры түскен жерге келіп Ясауидің рухына тағзым етіп Алладан сұраймыз. Демек жақсы жерге келіп, жақсы тілек сұраймыз. Бүгінгі экспедициямыздың Қ.А.Ясауиден бастауымыздың осындай мәні болып тұр»,-деп ой қорытты.
Бұл ретте «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің бірлескен жобасы болып табылатын экспедицияның мүшелері көне қаланың символы саналатын Әзірет Сұлтан тарихи кешенінің ерекшеліктері мен ғажайыптарына мән беруі әрине заңдылық.
Әлемнің әр түкпірінен миллиондаған зияратшылар арнайы келетін кесене ортағасырлық шығыс сәулет өнерінің жауһары саналады. Кесененің күмбезі Орталық Азиядағы ең үлкен күмбездердің бірі, оның диаметрі шамамен 18 метрді құрайды. ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген ғибадатхана 14-ші ғасырда атақты Әмір-Темірдің бұйрығымен тұрғызылған. Тарихи жәдігер уақыттың талай сынына төтеп беріп, қазірге дейін сақталды. 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде, кейіннен 19-шы ғасырдың орта тұсында Қоқан хандығы мен орыс патшасы әскерінің шабуылдары тұсында зақымданған болатын. Ескерткіштің он бір жерінде зеңбірек оқтарының іздері сақталған.
Ахмет Ясауиден бөлек, мұнда қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар жерленген. Дерек бойынша, кесенеде 300-ден аса тарихи тұлға, олардың қатарында қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны мәлім. Соңғы жылдарда отандық туризмді дамыту саласындағы Қ.Ясауи кесенесінің мән-маңызы ерекше артып келе жатқаны анық. 2025 жылға қарай тарихи кешенге жыл сайын 2,5-3 миллионға жуық турист келеді деп күтілуде.
Экспедиция мүшелері елiмiздегi көне қалалардың бiрi, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен қол созым жерде орналасқан Күлтөбені де аралады. Археолог ғалымдардың пайымдауынша, Күлтөбе қалашығының негізі сонау 5-ғасырда қалыптасқан. Қазба жұмыстары барысында 7-8 ғасырларда қолданылған теңгелер мен қыш ыдыстары табылған болатын. Тарихшылардың айтуына қарағанда, XIV-ғасырда қалашықтың бекiнiсі қиратылып, жойылған.
Аталмыш экспедиция мүшелері өңірдегі сапарын бұдан әрі жалғастыра бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы