Қадірлі ұстаздар!
Бүгінгі күн – ұстаздардың дәстүрлі кәсіби мерекесі. Бұл мереке – бүкілхалықтық мереке. Әлемдегі әрбір адамға білім беріп, мамандық таңдаумен қатар өмір жолына бағыт беретін де – Ұстаз.
Төл мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар!
Ұстаз – адамзат тарихында әрдайым рөлі жоғары болған құрметті тұлға. Мұның айғағы бүгінгі мерекенің иелері – білім саласының еңбек ардагерлері мен олардың қазіргі таңдағы еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген талантты шәкірттері. Осындай, ұзақ жылдар бойғы еңбек өтілі бар қадірлі ұстаздарымыздың еңбек жолы – әрдайым жастарымыз үшін өшпес үлгі.
Қай кезеңде болмасын ұстаздың рөлі әрдайым жоғары.
Бұл жолда білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – қазақтың қанында бар қасиет екендігін, бәсекеге төтеп беретін білімі, өзгеше ұлттық мәдениеті мен білімді ұрпағы арқылы әлемге әйгілей білу – ұстаздарымызға сын болмақ.
Міне, ұстаз қауымы осындай сыннан сүрінбей өткенде ғана еліміз табысқа жетпек. Себебі, бала жүрегіне жол таба білетін, рухани азық беретін де – ұстаз. Тек нағыз ұстаз ғана егемен елге лайықты ұрпақ тәрбиелей алады. Бұған облыс ұстаздарының бүгінгі таңдағы шынайы еңбектері дәлел.
Облыс оқушыларының білімге деген ынтасы артып келеді. Соңғы жылдары дарындарымыз республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында жүлдегер атануда, білім ұйымдары жыл сайын жоғары жетістіктерге қол жеткізуде, ол баршаңызға мәлім.
Мемлекетіміз еңбегі ерен білім қызметкерлерін ұдайы құттықтап, марапаттап отырады.
Құрметті ұстаздар қауымы!
Сіздердің бүлдіршіндерге өмірді тануды үйретіп, оқу-білімге, адами қасиетке баулуда еңбектеріңіз өлшеусіз. Бүгінгі мереке, сый-құрмет Сіздерге арналады. Еңбектеріңіз жемісті де табысты болсын. Шәкірттеріңіз тек биіктерден танылсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Мереке құтты болсын!
Р.ЖОЛАЕВ,
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы.