- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Құрметті түркістандықтар мен қала қонақтары!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық Қарттар күнімен және 5 қазан – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қарияларға құрмет көрсетіп, көңіл бөлуді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 1990 жылы арнайы бір датаға белгілесе, қазақ даласында бұл ежелден санасына сіңген салт, үзілмеген үрдіс болған. Қарияларымыз елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келеді. Сіздер – халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнған шежіре, кемел тарихсыздар. Біз үлкенге қарап бой түзейтін халықпыз. Алдыңғы буыннан үлгі алып, үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысамыз. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп ата буынды ардақтап, бір-бірімізге «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілек айтқан елміз. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығы мен татулығының тұтқасы болған абыз ақсақалдар, ақ жаулықты әжелеріміз біз үшін әрқашан да үлгі-өнеге болмақ.
Осы аптада тағы бір мереке – ұстаздарға арналмақ. Ұлттық мектептің қалыптасуында терең із қалдырған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Шын мәнінде дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Сіздер берген тәрбие әр адамның қалыптасуына әсер ететін, өмірден өз орнын табуға жол сілтейтін шамшырақ секілді. Өзгенің уақытын аялау үшін өз уақыттарыңызды аямайтын ерен еңбектеріңізге бас иеміз!
Болашақтың бастау бұлағы, бала жанының бағбаны, білім тұңғиығынан нәр алдырып, қажырлылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулитын, табандылықпен еңбек етіп, алдымызға биік мақсаттар қоюды үйрететін ұстаздардың қоғамымыздағы орны қашан да биік. Ұстаздар елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты мамандық иелері. Себебі, еліміздің келешегі ұстаздардың берер біліміне тікелей байланысты. Білімнің күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамып, мәдениет гүлденеді. Білім арқылы адам баласы өмірдегі өз орнын табады.
Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі болған келер күннің ұстасы – Ұстаздарды бүгінгі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөлене беріңіздер. Осындай қос мерейлі мереке иелеріне алғысымызды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, мол ырыс пен несібе тілейміз!
Н.ТҰРАШБЕКОВ,
Түркістан қаласының әкімі.
М.ТАҢҒАТАРОВ,
Түркістан қалалық мәслихат хатшысы.