«ШАРУАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА»

526 көрілім

Бүгінгі «депутат мінбері» айдарының қонағы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты А.Құрбаналиев. Медициналық вата өнімдерін өндіретін «Фараб» комбинатының басшысы, «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі егін шаруашылығының басы-қасында жүрген жандардың жанына батып жүрген мәселесін ту етіп отыр. Осы тұрғыда, орайы келгенде сұхбат құрып, халық қалаулысының аталмыш бағыттағы жұмыстары жөнінде сөз қозғап едік.

– Абдурасул Жантілесұлы, жыл басында сіздің төрағалығыңызбен Түркістан өңірлік «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысы өткен болатын. Мыңдаған шаруаның өзекті мәселесіне айналған көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті мәселе көтеріп едіңіз. Соған толығырақ тоқталып өтсеңіз?

– Иә, «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі,Түркістан облысының мәслихат депутаты, агроөнеркәсіп кешені бойынша комитет төрағасы ретінде мен сол жиынға басшылық еттім. Оған Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған жүзден астам шаруа-фермер қожалықтары мен кәсіпкерлер, салалық ассоциациялар мен бірлестіктер, сонымен қатар қаржы институттарының бірінші басшылары қатысып, 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның тұжырымдамасына ұсыныстар әзірлеу және көктемгі дала жұмыстарына қаржының тапшылығы туралы мәселелері талқыланған еді.

Сол жерде ауыл шаруашылығы басқармасына облысымыздың табиғи климаттық ерекшеліктерін ескеріп, көктемгі егіс жұмыстары республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда біздің облыс аумағында бірнеше ай бұрын ерте басталатынын алға тартып едім. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Мәселен, бізде қаржы институттары тарапынан несиелер, жылда дәстүрлі түрде тек наурыз айынан бастап құжаттар қабылдап, мамыр, сәуір айларында беріліп келген. Бұл уақытта шаруаларымыз егістік алқаптағы қызу жұмыстарында жүреді. Осы ретте ерте пісетін дақылдар бойынша қаржыландыру мерзіміне сәйкес келмейтіні және оның осы уақытқа дейін ескерілмейтіндігіне назар аудару қажеттігін алға тарттым. Себебі, ерте басталатын көктемгі дала жұмыстарына шаруалар жоғарғы пайызбен екінші деңгейлі банк пен микроқаржы ұйымдарынан тұтынушылық несиелер алуға және үйдегі бар малы мен астындағы көліктерін сатуға мәжбүр болады.

– Сонда шаруаларға қаржы демеу болатын несие ерте берілсе дейсіз ғой?

Әрине, республикалық бюджеттен көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаржыны әр облыстың табиғи климаттық ерекшеліктеріне байланысты қаңтар айынан бастап беру қажет. Соған қол жеткізу үшін «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан барлық деңгейдегі жиында көтеріп келеміз. Аталған отырыста осы мәселе қаржы ұйымдарының қатысуымен егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті ұйымдарға нақты ұсыныс беріліп, оның шешу жолдарын қарастыруды талап еттік десем болады.

– Шаруаларды толғандырған мәселе шешімін тапса, диқандар қиналмайтын еді дейсіз ғой?

– Иә, бұны несібесін жер анадан күткен жандар үшін жылдағы бас ауру десе болады. Күзгі жиын-терімнен соң шаруалар келесі жылға әрекет ететіні белгілі. Алған өнімдері бір жылдары жақсы табыс әкелсе, кей кезде шығынға ұшырауы мүмкін. Осы сәтте күн көзі жылынғанда іске кірісетін шаруалар үшін ең бірінші қаржы қажет. Несиені наурыз айында аламын деп күтіп отыра берсеңіз, «жаздың бір күні жылға азық» дегендей Түркістан өңірінің климаты жылы болғандықтан қыс мезгілінде егіс егуге әрекет етпесеңіз кеш қалатыныңыз белгілі. Міне, шаруаларымыздың қиналатын уақыты осы сәт.

– Енді бұл мәселені шешу тұрғысында жыл басынан бері қимыл-қозғалыс бар ма?   

– Бар. Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өндірісі Комитетінің төрағасы, Түркістан облысының мәслихат депутаты ретінде «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламалық ұстанымы ретінде оны толық бақылауға алғанбыз. Нәтиже жаман емес. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалының директоры Файзулла Байдуллаев 2021 жылдың 15 ақпанынан бастап көктемді дала жұмыстарына қажетті қаржыға байланысты өтінімдер қабылдай бастайдындығын айтты.

Одан бөлек, шаруалар үшін қуанышты жаңалық – Есеп комитетінің нұсқауларын орындау үшін 2021 жылғы 28 маусымдағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқармасының шешімімен Стандарттар мен өнім бағдарламаларына қойылатын талаптар өзгертілді. 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімдерін қабылдауға талаптар белгіленді. Сонымен бірге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының 2021 жылғы 26 шілдедегі бұйрығымен бюджеттік заңнаманың  талаптарына сәйкес бюджеттік несие қаражатын тарату тәртібі туралы «жол картасы» бекітілді. Бұдан былай қаңтар-ақпан айларында бюджеттік несие берілетіндігі айтылды. Осылайша егіс алқабында жүрген жандардың негізгі мәселелерінің бірін шешуге қол жеткізіп отырмыз.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Қызметіңізге табыс тілейміз.

М.ӘЛМАХАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы