

Қаламызда жас суретшілерге қолдау көрсету қашанда маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді» делінген. Осы мақсатта дарын иелерінің қаламын ұштап, талабын шыңдауды көздеген жас суретшілер байқауы өтті. Қылқалам шеберлерінің байқауын Түркістан қалалық мәдениет үйі онлайн форматта ұйымдастырды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында қолға алынған байқау «Туған жер алтын бесігім» тақырыбын қамтыды. Байқаудың ережесі мен шарттары, қатысу талаптары әлеуметтік желідегі парақшада жарияланып, үміткерлердің туындысын ұйымдастыру алқасы қабылдай бастады. 14 пен 24 жас аралығын қамтыған жас дарын иелері рухани шаһардың көзтартар көрікті орындарын бейнелеп, аталған тақырып аясында айшықты дүние ұсынды. Ереже мен шартқа сәйкестігін анықтау үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Оның құрамында Оңтүстік Қазақстан суретші – педагогтар Одағының мүшесі, магистр-аға оқытушы, дизайн мамандығының оқытушысы Гульнар Абдуллаева, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінің сызу, сурет пәнінің мұғалімі Тулкин Маккамбаев, көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің арнайы пән мұғалімі Баян Утепова болды.
Үміткерлер туындысы акварель, гуашь, майлы бояудан салынды. Суреттердің идеялық мазмұны мен ой-ұшқырлығына, композициялық шешімі, колориттік көрінісі, орындау техникасына баса мән берілді. Арасынан үздік деп танылғандары марапаттау сәтінде жүлделі орындарға ие болды. Байқау қорытындысын сарапқа салған кеште Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ұлжалғас Қайназарова мен Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Шәмет алғы сөз алып, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың маңыздылығын атап өтті. Қашанда жас таланаттар мен дарындарды қолдап жүрген Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұжымы мұндай байқаулар жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Сонымен, 20-ға жуық үміткерлер қатысқан байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар мен арнайы номинациялар беріліп, қатысқаны үшін алғыс хаттар табысталып, жүлдегерлерді анықтауды алтын уақытын арнаған қазылар алқасының еңбегі де еленді. Төмендегі жеңімпаздарға дипломдармен қатар бағалы сыйлықтар да ұсынылды. Байқаудың бас жүлдесін Нұр-Ай Боранбай иеленсе, жүлделі бірінші орынға екі адам лайықты болды, олар Елмурат Бекмурат пен Диер Нишанов. Ал, жүлделі екінші орындарды Ислам Закиржанов, Жасурбек Сабировке бұйырса, үшінші орындарды Абылайхан Төрехан мен Әділхан Керімше еншіледі.
Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ