ОТБАСЫ – БАҚЫТ МЕКЕНІ

880 көрілім

Отбасы – бүтіндіктің белгісі. Оның құндылығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» атты онлайн байқау жарияланған болатын. Дода Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйытқы болуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отбасы күніне орай, ұйымдастырылды. Байқау ережесі мен шарттары алдын-ала әлеуметтік желіде жарияланып, үміткерлер өтінімдерін жібере бастады.


Ұлттық салт-дәстүрді ұрпаққа дәріптеп, өнегелі құндылықтарды жаңғырту мақсатында қолға алынған байқау үш кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде отбасы мүшелері «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» тақырыбында өздерін өлең жыр арқылы таныстырса, екінші кезең аясында «Отбасындағы бір күн» әр отбасы өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігін видеоролик арқылы көрсетті. Сонымен қатар, үшінші сын отбасының ұлттық-салт дәстүрге деген көзқарасын қолөнер мен ұлттық тағамдарды дәріптеуге негізделді. Осы кезеңдердің барлығын толық орындаған үміткерлер өздері дайындаған бейнероликтерін ұйымдастыру алқасына тапсырып, қазылар мүшелерінің сараптауынан өтті.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры, Қазақстан Журналистер Одағы және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің мүшесі – Алима Хайдарова, Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің меңгерушісі – Ақсүмбе Бостанов, Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» Түркітілдес халықтардың кітапханасы КММ-нің директоры Мария Курышбаева болып, өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Байқауға 9 отбасы қатысып, оза шапқандары жүлделі орынның биігінен көрінді. Марапаттау рәсімінде сөз алған Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Ұлжалғас Қайназарова мен Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Шәмет жылдағы дәстүрінен жаңылмаған байқаудың құндылығын тілге тиек етіп, салт-дәстүрді дәріптеуге үн қосты.
«Отан – отбасыдан басталады». Бала тәрбиесі мен жанұяның ынтымағын сақтап, бірлігін дәріптейтін байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Нұрекеевтер отбасы еншілесе, І орынның көгінен Кұшмановтар отбасы көрінді. Жүлделі қос бірдей ІІ орынға Жұмановтар отбасы мен Шерметов Абдулланың отбасы лайық деп танылды. Сонымен бірге үш ІІІ орынның тұғырын Қалымбетовтер, Мұстафаевтар, Әлжігітовтер отбасы бағындырды. Байқауда ешқандай отбасының қоржыны жүлдесіз қайтпады. «Дәстүрлі отбасы» номинациясы Садулла Шерметовтың отбасына берілсе, Тағаевтардың жалауын желбірте келген отбасы «Ынтымақты отбасы» номинациясын иеленіп қайтты.
Салтанатты кеш барысында әсем әндер орындалып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Үлгілі отбасылардың тағылымын насихаттаған шарада жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.

Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы