ШАҺАР ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫН

627 көрілім

Қазақ әу бастан «қыстың қамын жаз ойла», – деп бекерге айтпаса керек. Күз мезгілінен бастап қара халық қыста пайдаланар отынын түгендеуге қамданады емес пе? Өткен жылы облыс әкімі Ө.Шөкеев Түркістан қаласын газдандыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде табиғи отын тарату мақсатындағы құрылыс жұмыстарын 2020 жылы толық аяқтауды міндеттеген болатын. Басты мақсат қыс маусымында қатты отын тұтынатын көпқабатты және тұрғын үйлердегі қою қара түтіннен арылтып, табиги газдың шарапатын көруге үндеген еді. Былтыр қаладағы көпқабатты үйлер толық көгілдір отынның шарапатын көріп келді.

   Сонымен қала қысқы маусымға дайын ба? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Е.Рысбековке барып арнайы жолыққан болатынбыз. Кәсіпорын басшысының айтуынша Түркістан қаласы бойынша 2020-2021 жылғы жылу беру маусымына бекітілген жұмыс режимімен мекеме тарапынан толық жұмыс атқарылып отыр. Жылу беру маусымында кәсіпорында 110 штат бірлігі жұмыс жасайды екен.

   Қаламыздағы І-ші мөлтек ауданда 58 көпқабатты (оның ішінде 24-і 5 қабатты, 24-і 4 қабатты, 2-і 3 қабатты, 8-і 2 қабатты),  ІІ-ші мөлтек ауданда 15 көпқабатты (барлығы 2 қабатты), ТГЖД аумағында 2 көпқабатты (1-і 5 қабатты, 1-і 4 қабатты) және Отырар мөлтек ауданында 38 көпқабатты (2-і 9 қабатты, 36-ы 5 қабатты) жалпы 113 көпқабатты тұрғын үйлер  (5502 пәтер) орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, 28 бюджеттік (2 балабақша, 4 мектеп, 2 колледж, 6 мемлекеттік емес балабақша, 6 денсаулық сақтау мекемесі, 4 мемлекеттік мекеме, 3 басқарма бөлімшелері) 55 кәсіпкерлік заңды тұлғаларға және 52 жер телімді тұрғын үйлерде орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілуде.

   Кәсіпорын биылғы жылу беру маусымында толығымен табиғи газбен қамтылатын болады. Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен және газ желісімен жеткізуі қызметіне «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамымен келісім-шарт жасалған.  «Жылу» мекемесі тарапынан үстіміздегі жылдың сәуір айында қазандықтар мен жылу жүйесіндегі магистралды және ішкі орамдық жүйелеріндегі құбырларды қысымдау мен шаю жұмыстары толық жүргізілген. Магистралдық жылу жүйесі жылу беру маусымына толық дайын. 

   Табиғи газ болмаған жағдайда орталық қазандықта қосымша отын түрі  1000 тонна көмір (сыртқы ауа температурасы орта деңгейде болған жағдайда 15 күндік қор) кәсіпорын қоймасында сақтаулы тұр. І және ІІ мөлтек ауданындағы жылу жүйесінде ішкі орамдағы 17990 метр құбырдың 14200 метр жарамсызын ауыстыруды бас мердігер «АстанаСтройРитм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, жер қазба жұмыстары басталып, былтыр ішкі орамның 1050 метр жылу жүйесінде жарамсыз құбырларын ауыстырған. Үстіміздегі жылдың 22 мамырынан бастап 11400 метр ішкі орамдық жылу жүйесіндегі құбырлары ауыстырылып, қалған жұмыстарды 1-ші қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Құбырларды орналастыру жұмыстары аяқталған соң қысымдау және шаю жұмыстары жүргізіліп, тексеріліп қабылданатын болады. Отырар мөлтек ауданындағы №2, №3, рухани мәдени орталығындағы №4 қазандықтар жылу жүйесін қысымдау және шаю жұмыстары толық жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директорының айтуынша кәсіпорын қысқы маусымға толық дайын екенін жеткізді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы