ЖОЛДАУДА ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАР ЖАҒДАЙЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

405 көрілім

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын халқымыз ерекше ықыласпен қарсы алды. Жеті бағыт бойынша аса маңызды міндеттерді айқындап берген стратегиялық құжат – еліміздің одан әрі өркендей түсуінің алғышарты болмақ.

Мемлекеттік басқарудың экономикалық үлгісі стратегиялық, іскерлік құжаттағы маңызды бағыттардың бірі. Елімізде қауіпті індеттің өршуіне орай мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшкен болатын.

COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдік дерт қана болып қоймай, әрбір елдің өмір сүру салтына, ішкі өніміне, экономикасына әсер етіп үлгерді. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатынын айта келе, қазіргі таңда пандемияның зардабын тартып отырғанына тоқталды.

Өз сөзінде «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады.Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту» деп тоқтады. Сондай-ақ биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеген. Нәтижесінде оны жүзеге асыру бойынша 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылған екен. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізгенін мәлімдеді.

Президент Жолдауындағы негізгі пікірлер қазақстандық қоғамды жаңғыртуды жалғастыруға арналған жаңа мүмкіндіктерді көрсетті. Жолдау халықтың басты мәселесі – әлеуметтік тұрмысқа тікелей бағытталды және онда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадамдар талқыланды. Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысы Жолдауында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдағандығы айтылды. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді. 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өскен болатын. Ал 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады.

Мұның бәрі халыққа жасалып отырған үлкен қолдау. Сонымен қатар, Президенттің биылғы Жолдауы әлбетте, форматы мен мазмұны жағынан бұрынғылардан ерекше. Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленді. Яғни, ең алдымен құжатта адам мен оның мүддесіне басымдық берілген. Демек, Жолдау бәрінен бұрын қарапайым азаматтардың мүддесін көздейді. Атап айтқанда, құжатта басты талап ретінде айлықтың өсуіне, халықтың табысына маңыз берілді. Біз ең төменгі жалақының бір жарым есеге артатынын да нақты біліп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл Жолдауда қарапайым азаматтардың жағдайын жақсарту жайы кеңінен қарастырылған.

Дүйсенкүл ЖАМБОЛОВА,

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы