ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒЫТТАР АЙҚЫНДАЛДЫ

657 көрілім

Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатын биылғы жылдың үлкен тарихи оқиғасының бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы. Еліміздің бүгіні мен ертеңін саралап баяндаған Президенттің Жолдауын теледидардан көріп, естідік. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бүгінгіден де жақсарту, күнкөріс деңгейін көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту, қымбатшылыққа жол бермеу үшін өндірілетін өнімнің бағасы мен сапасын өндірушіден бастап бірыңғай бақылау орнатуды қатаң жолға қою қажеттігі атап көрсетілді.

Шын мәнінде өнім арзандауы үшін шаруаға жағдай жасау, өнімді сатуға делдалсыз шығару, бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі белгілі.

Президенттің халықты біршама тығырыққа тіреуі мүмкін қымбатшылықтың алдын алу үшін ұстанған бағыты көптің көңілінен шықты. Пандемия жағдайында алдыңғы сапта тынымсыз еңбек еткен мамандарға алғыс айтты. Сондай-ақ, басты міндеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақталықты сақтауға бағытталатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны» негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажеттігіне айрықша тоқталды.

Қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан жерге байланысты жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеп, ел Үкіметіне ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық бағыты 7 негізге сүйену керектігін меңзеп, экономика халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі тиістігіне тоқталды. Президенттің айтуынша, игілік пен міндетті тең бөлу, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, жаңа кәсіпкерлерге арналған нарықты қалыптастырып, әділ бәсекелестікке жағдай жасау – негізгі бағыттар қатарында болмақ.

Сонымен қатар, өндірісті арттыру, күрделі әрі технологиялық экономикаға иек арту, адам капиталын дамытып, инвестиция мен білімнің жаңа түрін қалыптастыру, экономиканы жасылдандырып, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттің негізделген шешімдерін қабылдап, қоғам алдында сол үшін жауап беруін қамтамасыз ету – басымдықтар қатарына кіреді.

Әбдіхан ӘБДІҚАДЫРОВ,

қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы