ТҮРКІСТАНДА САКУРА ГҮЛДЕДІ

993 көрілім

Түркістан алып құрылыс алаңы ғана емес, гүлзарлар мен әсем бақтардың да ордасына айналуда. «Тұран» тойханасынан жаңа әкімшілік орталыққа шыға берісте және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы маңында сакуралар гүлдеп, тұрғындарға ғажайып қуаныш сыйлауда.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Жасыл Түркістан» КММ-нің директоры Көркемжан Есметовтің айтуынша, қазір қаламызда сакура, павлония, австралиялық үйеңкі,  сирен, акация-қараған, каталпа сынды декортивтік ағаштар жерсіндірілуде. Биыл көктемде қалалықтар 148 мың түп ағаш ексе, күзде де осы шамада тал отырғызуды жоспарлап отыр.

Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің «Жасыл Түркістан» КММ-сі қала аумағындағы саябақтар, аллеялар, скверлер мен көшеде егілген жасыл екпелерді күту жұмыстары мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде.

2020 жылы «Жасыл Түркістан» КММ-сі тарапынан Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында 97,9 га «Жасыл белдеу» аумағына 42000 дана түрлі декоративті және жеміс ағаштары егілді. Қала аумағында «Қашқари», «Әль-Фараби», «Қазыбек би» бақ алаңшалары, «Тік ұшақ» алаңы, «Орталық мешіт» аумағы мен бос алаңдар мен көшелерде  көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жалпы  8 200 дана түрлі ағаштар егіліп,  148 000 шаршы метрге көгал төселді. Көгалдандырылған нысандар мен көшелерде суғару жүйелері жүргізіліп, су ұңғымалары қазылды. 2020 жыл бойынша қаражат көлемі 1 209 502,00 мың теңге.

2021  жылы «Жасыл Түркістан» КММ-сі тарапынан көктем айларынан бастап қазіргі күнге дейін саябақтар мен скверлерге, көшелерге штамтық ағаштар мен біржылдық гүлдер егілді.

2019 жылдан бастап қаланың орталық көшелеріне 2,321 млрд-тан астам қаржыға 177 884 дана ағаш көшеттері отырғызылған. Одан бөлек, Түркістан облыс орталығы атағын иемденген жылдан бастап 30-дан астам орталық көшелерге және 32 сектор бойынша әр аудан тарту еткен ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Жалпы, осы уақытқа дейін қала ішіне 500 мыңнан астам жасыл желектер отырғызылған.

Өңірде ағаш отырғызуға мамандана бастаған бірнеше мекемелер бар.  Оның сыртында қала 32 секторға бөлініп, оған облыстағы аудан әкімдіктері мен мемлекеттік мекемелер бекітілген. Солай бола тұрса да, қала ішінде және қала маңына отырғызылған ағаштар бойынша айтылар жайлар баршылық.

Қазақта «Бір тал кессең он тал ек» деген аталы сөз бар. Осы сөзбен-ақ бабаларымыз жасыл желектердің тұрмыстық өмірге қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп кеткен.

Оның үстіне ағаш бір жылда мың шақырым жол жүрген көліктен шыққан газды жұтады. Демек, олар атмосфераның таза болуына көп септігін тигізеді. Жасыл желектердің адам өмірінен басқа тұтас қоршаған ортаға тигізетін пайдасы орасан зор.  Сондықтан да, қандайда бір өңірдің ажарын одан әрі аша түсетін бірден бір нәрсе – ағаштар.

Ал, Түркістан қаласы мен аумағын жаздың аптап ыстығынан да құтқаратын жасыл желектер. Ендеше, бұл жасыл желектерді отырғызуды үш қана маманданған мекемеге жүктеп қана қоймай, күтіп-баптау жұмыстарына бүкіл қала болып жұмылуымыз керек.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы