“ТҰРАН”НЫҢ ОЙЫНЫ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ

1  267 көрілім

Шынын айту керек, биыл Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған Түркістанның «Тұран» командасы осы уақытқа дейін өткізген ойындарының басым бөлігінде қарсыластарына есе жіберді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, түркістандық футболшылардың еншісінде 4 жеңіс, 9 жеңіліс, 7 тең ойын бар. Десе де жаңадан құрылған жас команданың ойындары біртіндеп түзеліп келеді. Жағдайды жіті бақылаған облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы да жанашырлық танытып, қолдау көрсетіп келеді. Бұйыртса биылғы жоспар суперлигада өз орнын сақтап қалу.

Кешегі аптада «Тұран» футболшылары Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында «Атырау» командасымен кездесіп, 2:2 есебімен тең тарқасты. Ойынның 20-минутында «Тұран» командасының қорғаушысы Александр Чиж ойындағы есепті ашса, 42-минутта Даниэль Стойкович таразы басын теңестіріп кетті. «Тұран» сапына жаңадан қосылған македониялық шабуылшы Самир Фазли 72-минутта есепті еселесе, атыраулықтар араға 9-минут салып есепті теңестірді. Сөйтіп, түркістандықтар сырт алаңда бір ұпайды еншіледі.

Команданың бас бапкері Абдухалық Бөрібаев ойыннан кейін өз пікірін білдірді. «Атырауға» қарсы матчта футболшыларымыз жақсы ойнады. Команда матчқа қойылған жоспарды толық орындамаса да, 70-80 пайызға орындады дей аламын. Өкінішке қарай, стандартты жағдайлардан гол жіберіп алдық. Оған біз дайындалған едік, дегенмен екі стандартты жағдайдан екі гол жібердік,-деді.

Десе де, түркістандық жанкүйерлер «Тұранның» соңғы ойындарындағы нәти-желеріне дән риза. Алдағы уақытта команда сапына жаңадан қосылған жартылай қорғаушы Павел Кривенцев, украиналық жартылай қорғаушы Евгений Чумак, қырғызстандық жартылай қорғаушы Фархадбек Мусабеков, қырғызстандық қорғаушы Тамирлан Козубаев, қорғаушы Қуаныш Қалмұратовтар жасыл алаңда аянып қалмай команданың жеңісті күндеріне өз үлестерін қосады деген ниеттеміз.

Қазіргі таңда Қазақстан чемпионатының 20-турынан кейін «Тұран» 19 ұпаймен он екінші орында тұр. Ертең 18 қыркүйек күні сағат 20.00-де «Тұран» өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдайды. Айта кетейік, екі команданың арасында бірінші ойында түркістандықтар сырт алаңда 3 ұпайды еншілеп қайтқан еді. Ендеше, ойыны оңалып келе жатқан жерлестерімізге жеңісті күндері көп болсын, – деп  тілейміз.  

Райымжан ӘЛІБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы