ӨТІРІКТІҢ ТҮБІ БІР ТҰТАМ

716 көрілім

Жауапты сала басшыларының назарына!

Күннен- күнге көркейіп келе жатқан түркі әлемінің бесігі болған Түркістанға барлық елдерден ағылып келіп жатқан туристер мен саяхатшылар міндетті түрде саябақтарды аралап, қаланың көрікті жерлерін тамашалайды. Орталық базардан сауда жасайды.

«Әзиз» базарының сырт жағындағы Тәуке хан даңғылы бойындағы аяқжолда қалаған жеріне отыра қалып, жайратып жабайы жайма базар жасап, сүт, айран, көкөніс, алма, жүзім сатып, сауда жүргізушілерге тыйым бола ма? Олар жүргіншілердің қасындағы аяқжолда отырып алып, өткен-кеткендердің жүйкесіне тиіп қана қоймайды. Қоғамдық орында антисанитарлық жағдайды қалыптастырады. Қалаға келушілерден ұят!

Немесе, олар шынайы тұрмысы төмен жандар болса, өздерінің бау-бақшасында өсірген дақылдарын, мал өнімдерін арнайы қоршалған, сауда үстелі бар, санитарлық қалпы сақталатын орынға, құзырлы органдардың рұқсатымен, жеңілдікті түрде жайғастыруға болмас па еді?

Жақында Тәуке хан бойында орналасқан ірі «Хайтек» тұрмыстық техника сататын гипермаркеттің алдында таяққа сүйеніп, аяқжолдың ортасында үйден әкелген орындығында қайыр сұрап отырған әйелді көріп қалдым. «Шамалы шетке отырсаңызшы» десем, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Аяқжолдың бір жағы жапырылып құлап жатыр. Өтетін адамдарға қиын тиді. Велосипед жүретін жердің ортасына отырып алған. Жаяу жүргіншілер мен велосипедтегілер үндемей, айналып өтіп жатыр. Мен ұялы телефонға түсіре бастағанымда таяғын да қажет етпей тұра жөнеліп, қашып бара жатты. Ой тәубә, жағамды ұстадым! Дені сап -сау. Ол мүгедек болса, мүгедектігі үшін мемлекеттен жәрдемақы алып отырған жоқ па? Барлығы рет-ретімен заң аясында орындалғаны жөн. Мен үндемей өтіп кетсем, басқалар да үндемей өтіп кете берсе, қалада қайдан тәртіп болады? Бұларға кім тыйым салады?

Сөздің қорытындысы, Түркістан түркі елінің бесігі болды ма, қала қонақтарына, тұрғындарға сол атқа лайықты түрде сервистік қызмет көрсетуіміз керек емес пе? Қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын жерлерде полиция тәртіп орнатуы тиіс деп білемін. Әлде, менің ойым дұрыс емес пе? Сіздер бұған не дейсіздер?

Мухаббат ҚҰДЫРЕТУЛЛАҚЫЗЫ,

Әлем жазушылары одағының мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы