ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ӨСІП-ӨНГЕН БАШҚҰРТ ҚЫЗЫ

856 көрілім

Фарида Раджапова 1935 жылы 5 қыркүйекте Ресей елінің Оренбург ауданында дүниеге келген. Кейіпкеріміз Қазақ еліне зұлмат соғыстан кейін халықтың күн көрісі нашарлап, тұралап тұрған ауыр жылдары әпкесінің шақыртуымен келген. Ол кезде небәрі 13 жаста болыпты.

Осы орайда кейуананың өзін тыңдасақ:

– Туған әпкем Кашиба түркістандық жігітке тұрмысқа шығып, осында тұратын. Мен 13 жасымнан бастап әпкемнің қолына келіп тұрдым. Кәмелеттік жасқа келгеннен бастап еңбек ете бастадым. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінде 15 жылдан аса уақыт кіші қызметкер болып еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Дәм-тұз бұйырған болар, осында татар жігіті Изатулла Раджаповқа тұрмысқа шығып, сол күйі осында тұрақтап қалдым. Аллаға шүкір, Қазақ елінде тұрып жатқанымды мақтаныш етемін. Құдай қосқан қосағым Изатулла екеуміз өмірге әкелген екі ұл, екі қызымызға өнегелі тәрбие беріп, ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырдық,-деп өміржолынан сыр шерткен Фарида әжейдің жолдасы Изатулланың өмірден озғанына біраз жыл болыпты.

Біздің барғанымызға жас балаша қуанған әжей татарша ән салып, көңілін біраз демдеді. Жүзі бал-бұл жанып, бізбен әңгімелесті. Анамның өмірден озғанына 20 жылға жуықтап қалса да жиі еске алып отырамын. Әсіресе, ақ жаулықты аналарды көрсем, анам тірі болғанда осындай жаста болар еді деп толғанамын. Фарида әжені көргенде өз анамды көргендей тебірендім. Менің ішкі тебіренісімді қалай сезгенін білмеймін, мені қайта-қайта құшағына қысқан Фарида әжейдің: «Маған қыз болшы» деп айтқан сөзіне «қызыңыз боламын» деген жауап аузымнан еріксіз шыққанына таң қалдым. Ойпырмай, осындай да телепатия байланыстар болады екен-ау деп қайранмын. Анама деген сағыныш Фарида әжеймен қауыштырған секілді.

Тіл-көзіміз тасқа, «Сырлы табақтың сыры кетсе де сыны кетпеген» деп атам қазақ айтқандай, жақында 86 жасқа толған Фарида әжейдің өз жасынан жас көрінетініне қызыға қарадық. Екі рет инсульт алса да қиындыққа мойымаған әженің қайраттылығына тәнті болдық. Шынында, көздері нұр шашып отырған әжейдің өзін жақсы сақтағанына қайран қалдық. Әжейге қарап отырған үлкен қызы Минирадан апаның күтімі жайлы сұрадық.

– Анам екі рет инсульт алғалы бері 24 сағат бойы жанында боламыз. Анам гипертониямен ауыратындықтан қан қысымы кез келген уақытта көтерілуі мүмкін. Сондықтан, ішетін тағамдарын күнделікті байыппен дайындап береміз. Анамның жүрегі де ауырады. Бұрын осы жүрек ауруымен дәрігерге жиі қаралатынбыз. Кезекті бір ауырғанында Ташкентке апарғанымызда дәрігердің: «кепкен өрікті (курага) суға жібітіп күнделікті беріңіз, өрігін жеп, суын ішіп отырса жүрекке де, ішіне де өте жақсы болады» деп айтқан кеңесінің пайдасын көріп отырмыз. Осы кепкен өрікті күнделікті пайдаланғандықтан бүгінде жүрегі де, іші де мазасын алмайтын болды. Учаскелік дәрігер Талшын Есенхан жиі келіп, жағдайын сұрап, дәрігерлік ем-домын жасап тұрады. Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда анамның жағдайы жақсы,-дейді қызы Минира.

Әңгіме арасында әжей: «Елу бес жасымда зейнеткерлікке шықтым. Аллаға шүкір, 31 жылдан бері өкіметтен зейнетақы алып келемін. Бүгінде зейнетақымның мөлшері 79 мың теңге. Жетпеген жерін ұл-қыздарым толтырады. Алла тағала берекесін берсін,-дейді.

Туған тілінен бөлек, қазақ, татар, орыс тілдерін еркін меңгерген Фарида әжей ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді. Оның өң бойынан ән мен жыр төгіліп тұрғандай. «Отаным – Қазақстан. Жайнай бер гүлдене бер Қазақстан» деп, қазақ даласына деген ықыласын да өлеңмен жеткізді.

«5 қыркүйек – Қазақстан халықтары тілдері күні мерекесі. Мен осы күні 86 жасқа келдім. Бүкіл Қазақ елі менің туған күнімді тойлағандай әсерде болдым. Аллаға шүкір, бір тудың астында ынтымақты ғұмыр кешіп жатырмыз. Бүкіл әлемді жайлаған індеттің беті қайтып, елімізде тыныш, мамыражай күй кешіп отыратын күніміз болсын» деген Фарида Раджапованың қазақ халқына айтар алғысы шексіз. «Тілі мен ділінің саф күйінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуіне жағдай жасап отырған елде тұрып жатқанына бақыттымын», – дейді ол.

Ұлы далада өсіп-өнген башқұрт қызы Фарида Раджапова Нұрұлла, Минира, Рахматулла, Гүлмира есімді ұл-қыздарынан 8 немере, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты қария. Ләззат САРЫБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы