- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгін Түркістандағы Ақжайық мәдениет үйінде ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық бірыңғай ұйымын құру жөніндегі құрылтай конференциясы өткізілді.
Оған тоғыз облыстан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 112 делегат қатысты. Олар конференцияның күн тәртібіндегі бес мәселені талқылады. Алдымен өңірлерден келген делегаттар ұйымдағы қордаланған жайларды ортаға салды. Конференция төрағасы Талғат Салтыбаевтың басқаруымен ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық бірыңғай ұйымының төрағасы, орталық комитеті, тексеру комиссиясы мүшелері сайланды. Аталмыш ұйымға төрағалыққа ұсынылған алты ардагердің төртеуі әртүрлі себептермен өз кандидатураларын алып тастаған. Соңғы турға қатысқан ақтөбелік ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев пен алматылық кәсіпкер Мұхтар Қартабаев ұйымның төрағасы болған жағдайда, атқаратын жұмыстарын баяндап, қарулас достарының сұрақтарына жауап берді. Ашық та жариялы сайлау барысында Мұхтар Қартабаев 65 дауыспен алға шықса, Марат Қойлыбаев жиырма дауыспен қалыс қалды. Алайда, қаруластарының ұсынуымен Марат Қойлыбаев ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері республикалық бірыңғай ұйымы ҚБ-нің орталық кеңесі мүшелігіне сайланды. Бес адамнан тұратын тексеру комиссиясы мүшелері сайланды.
Екі мәрте Қызыл жұлдыз орденінің иегері Жеңіс Сәртеков: Біз осындай еліміздегі бүкіл ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің шынайы қамын ойлайтын бірыңғай ұйым құруды отыз жыл күттік. Біздің құқығымыз 1995 жылы ақ аяққа тапталды. Содан бері әділдікке жете алмай келеміз. Мардымсыз зейнетақыны талғажау етіп келеміз. Жергілікті биліктен қайран жоқ. Сондықтан осы конференциядан үлкен үміт етіп келдік. Қасиетті Түркістандағы батыр, би бабаларымыздың шапағаты тиер деген ойдамын.
Мейрамбек Түлекбаев: Биыл осы конференцияға әзірлік барысында сегіз ардагер еліміздің барлық өңірін аралап шықтық. Ондағы ойымыз індет кезінде ауғанда бірге болған қаруластарымыздың жағдайын біліп, қордаланған мәселелерді сараптап, бір жүйеге келтіріп, республикалық бір арнаға тоғысқан ұйым құрмасақ болмайды екен деген шешімге келдік. Шын мәнінде өңірлердегі мүгедектеріміздің жағдайы тым ауыр екенін көзбен көрдік. Соны бүгін конференция талқылауына шығарып, ортақ шешімдерге келудеміз.
Түркі дүниесінің орталығы атанған киелі шаһардағы құрылтай нәтижесінен ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері үлкен үміт күтулі. Сайланбалы орындарға бекітілген басшылар қаруластары алдында олардың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларын шешуге жұмыс жасайтындығын және соған қатысты заңдар шығаруға атсалысатындықтарын баяндап, ант берді.
Ескендір ЕРТАЙ