ДАҢҚТЫ ДАНЫШ

1  288 көрілім

Ескіиқандық бағбан Даныш Маннатов ақсақал Нұр-Сұлтандағы Түркістан облысы өткізіп жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жоғары сапалы жүзім мен алма өнімдерін жеткізді. Ол бұған дейін Елордасындағы балалар үйі, қарттар үйі, перзентханаға 14 тонна алманы тегін үлестірген болатын.

Түркістанның іргесіндегі Ескі Иқан ауылы ежелден алма бағымен даңқы алысқа кетіп жатқан құтты мекен. Бүгінгі таңда бағбандардың алма, алша, жүзім, өрік, алмұрт бағы жеміс беруде. Бәрінен бұрын бау-бақшаларға елге сыйлы, халқына қадірлі, ардақты аталардың атын қоюы қызықтырады. Мұнда білікті педагог, іскер басшы, өнегелі ұстаз Дадаш Маннатовтың 100 жылдығына арналған «Ұстаздар» бауы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері «Сейіткамал ата», «Мұзаффар ата», «Абдувахид ата» баулары тәжірибелі дәрігер –хирург Ергеш Дадашұлының 75 жылдығына арналған «Дәрігерлер бауы» бой көтергені қызықтырады.

Ескі Иқан ауылындағы бейнеткеш диқан қауымның ойынан шығатындай су жүйесін тарту әрине, оңайға түскен жоқ. Себебі бұл маңайдағы су тұзды болған соң егістіктің маңы түгелдей сорланып бара жатты. Бұл мәселе қабырғасына аяздай батқан сол тұстағы ауыл әкімі Даннаш Маннатов үлкенді-кішілі емен есіктерді ондаған жылдар бойы тынбай жағалап жүріп, бүкіл егіс алқаптарына 100 шақырым су арнасын тартқызып, 64 құдық қаздырып, барлық егіс алқабына электр жүйесін жеткізді. Бұл әрине оңайға түскен жоқ.

Жақында жетінші бауды туыстары Дадаш Маннатов атындағы «Ұстаздар бауы» деп атауды хош көрді. Себебі, Дадаш ақсақалдың математика, алгебраға жетік шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстанның түкпір -түкпірінде халық шаруашылығын дамытуда. Ал бағбандығын ұстанған ұрпақтары туған жерін иран бағына айналдыруда. Дадаш атаның 150 гектарлық бауында алма, алша, алмұрт, өрік, жүзім жайқалып тұр. Баудың иелері таяу болашақта жол жиегіндегі иранбағын еліміздің ұстаздар қауымы қызығатындай ерекше демалыс орнына айналдыруды жоспарлауда.

Бір қызығы мұндағы дихандар алма бақтарын еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үйлестіріп отыр. Шындығында жер емген дихандық пен ардақты дәрігер, ұстаздай мамандық иелеріне деген құрметті қатар алып келеді. Мәселен, туғанына биыл 735 жыл толып отырған иқаннан шыққан дүние жүзіне атақты ғұлама ғалым, Ислам діні қайраткері «Қауаммад-дин әл Итқани әл Түркістанидің атындағы бау» да осында. Бұл бауды өткен жылы республикамызда тұңғыш рет осы ауылда өткізілген халықаралық онлайн конференцияға қатысқан шейх Әбсаттар қажы Дәрбісәлі көріп, таң-тамаша қалды. Өз қолымен алма ағашын отырғызды.

Бұл белгілі тұлғалардың атына бау бағыштау бастамасы 1995 жылдан басталады. Себебі, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы сәуірдің 13-інде отырғызған өрік ағашы қазір жеміс беріп тұр. Қазақстанның Тұңғыш Президентін сол жолғы қабылдауда «Түркістан қақпасы халқымызға ғимарат иелеріне бақыт, зор табыс әкелсін!» деп қалдырған қолтаңбасы көрікті жерге орналастырылған.

Жақында міне осы «Ұлы қақпа кешені» аумағынан «Түркістан –түркі әлемінің рухани астанасы» атындағы бау бой көтерді. Барлық баулардың бастамашысы һәм демеушісі Даныш Маннатов осы өңірді болашақта түркі халықтарының демалыс бағына айналдыру жобасын жайып салды.

Даныш Маннатов мырза екінші тынысы ашылып, әлемге түркі халқының рухани астанасы болып жарияланған Түркістандық деген атқа әрбір жан лайық болып, сол дәрежеде қызмет көрсетсе деген лебізін жеткізді. Даңқы алысқа кетіп жатқан ескі ихандық Даныш Маннатовтың жобасы түркі халықтары тарапынан қолдау тапса игі. «Біз Түркістандықтармыз» циклын жетпістен асса да жарғақ құлағы жастыққа тимей ел жұртының қамын жеген ескі ихандық Даныш Маннатовтан бастап отырғанымыздың себебі де осы. Әрбір түркістандық жүрекжарды жобаларын шаршамай, талмай Даныш ақсақалдай жүз пайыз жүзеге асырып отырса, Елбасы аңсаған елу дамыған ел емес, отыз елдің қатарынан ойып орын алатындай әлеуетіміз мол.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы