АРМАНЫМЫЗ – ОЛИМПИАДАДА КӨК БАЙРАҒЫМЫЗДЫ ЖЕЛБІРЕТУ

1  901 көрілім

Кеше ғана Токио Олимпиадасы аяқталса, араға аз уақыт салып тағы бір дүбірлі дода мәресіне жетті. Уфа қаласында өткен жасөспірімдер арасында еркін күрес және грек-рим күресінен 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем біріншілігінде түркістандық қос бұрымдымыз жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтсақ, Түркістан облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Нилуфар Раимова әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол финалдық жекпе-жекте италиялық Аврора Руссодан басым түсті. Тартысты өткен кездесу 8:6 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Айта кетейік, Нилуфар жартылай финалда түркиялық Эльвира Камалоглуды 4:2 есебімен, ширек финалда Беларусь аруы Мария Билиданы таза жеңді. Ал іріктеу кезеңінде тартысты белдесуде ресейлік Анастасия Козлованы (6:5) тізе бүктірді. Сонымен қатар тағы бір жерлесіміз Мадина Аман (59 келіге дейін) үшінші орын үшін белдесуде Анна Шелді (Венгрия) мерзімінен бұрын жеңіп, қола медальға ие болды.

Түркістан халықаралық әуежайында қос спортшыны жерлестері, ағайын-туыстары, зиялы қауым өкілдері сән-салтанатпен қарсы алды. Аталмыш шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ел мерейін асырған спортшыларымызға жылы лебізін білдіріп, Түркістан облысы құрылғалы бері бірінші жоғары жетістігіміз деген қуанышын жеткізді. Сонымен қатар әлем чемпионы Нилуфар Раимоваға 1 млн теңгелік сертификат, қола жүлдені қанжығасына байлаған Мадина Аманға 500 мың теңгелік сертификатты қала әкімі Нұрбол Тұрашбековпен бірге салтанатты түрде тапсырды. Өз кезегінде сөзге шыққан қос аруымыз қолдау білдірген жерлестеріне шынайы алғыстарын жеткізсе, спортшыларымыздың бапкері Нұржігіт Ерімбетов алда спортшыларымызға Олимпиада чемпионы болу нәсіп етсін, бүгін ақ пейілмен қарсы алған баршаларыңызға үлкен рахметімізді білдіреміз,- деді.

Біз бүгін 1500-ге жуық балуан қатысқан байрақты бәсекеде ел қоржынына жүлде салған қос спортшымен сұхбаттасып, алдағы жоспарларымен бөліскен едік.

– Нилуфар, жалпы дүбірлі додадан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?

– Иә, бұл менің өмірімдегі ең жоғары көрсеткіш. Жалпы бұл турнирге жоғары дайындықпен бардым. Ақтық сында біраз қателіктерге бой алдырдым. Дегенмен жеңіске деген жігердің арқасында әлем чемпионы атандым. Аллаға шүкір, арманым орындалды.

– Турнир барысындағы ең қиын белдесуіңіз және есте қалар сәттеріңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Бірінші айналымда ресейлік қарсыласыммен болған белдесу қиынға соқты. Шамалы қобалжу дегендей. Кейін бірте-бірте барлығы мен ойлағандай болды. Жеңіске жеткен сәтте көк байрағымызды көтеріп боз кілемде жүгіріп, Әнұранымыз шырқалғанда көзіме жас келген сәттерімді өмірімдегі ең бақытты сәттерім деп ойлаймын.

– Осы спорт түрімен айналысып жүргеніңізге неше жыл болды?

– Қаладағы №22 жалпы орта мектебінде 6-шы сыныпта оқып жүрген кезімнен еркін күреспен айналыса-мын. Спорттағы алғашқы баспалдақ-тарым жемісті болды. Бапкерім мені бір апта өтпей үлкен жарысқа қосып, сол чемпионатта жеңіске жеттім. Мектепте құрмет-қошеметке бөлендім. Осыдан күш-жігер алып еркін күреспен айналысып келемін.

– Әлем чемпионатынан алдын қандай ірі жарыстарға қатыстыңыз. Жалпы алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Бұдан алдын Аргентинада өткен жазғы жасөспірімдер олимпиадасына, Якутияда өткен Азия балалары ойындары сияқты ірі жарыстарға қатыстым. Алла қаласа олимпиада ойындарына қатысу арманым бар. Енді бұйыртса, Норвегия елінде ересектер арасында әлем чемпионаты болады. Соған дайындалуым керек.

– Отбасыда сенен басқа спортпен айналысатындар бар ма? Жалпы ата-анаңызға, бапкерлеріңізге тілегіңіз?

– Отбасыда тек мен спортты таңдадым. Әкем Каһар, анам Матлуба менің осындай дәрежеге жетуіме үлкен үлестері бар. Сондай-ақ, бапкерім Нұржігіт ағайыма шексіз алғысымды білдіремін.

– Мадина Аман осы спорт түріне қызығушылық оятқан жандар жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен негізінен бір мектепте оқыған, менен бір сынып жоғары оқыған Нилуфар әпкемнің жетістіктеріне сүйсініп осы спорт түріне бардым. Жалпы алғанда бір мектепте оқыдық, бір спорт мектебінде жаттығып жатырмыз, бір университетте оқуды жалғастырудамыз.

– Қай жылдан бастап еркін күреспен айналысудасыз, ата-анаңыз осы спорт түрін таңдауыңызға қарсылық білдірген жоқ па?

– Мен 2017 жылдан еркін күреспен айналысып келемін. Отбасымызда ешбір жан спортпен айналыспайды. Бұл тек менің қалауым. Әкем Нұржан, анам Ақмарал әркез маған демеу болып келеді. Әрбір жетістігім үшін қуанса, жеңілісім үшін мұңаяды.

– Әлем чемпионатына қалай жолдама алдыңыз?

– Бұған дейін көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Түркия елінде өткен жарыста 3-ші орынды, биыл Павлодар қаласында өткен іріктеу сайысында бірінші орынды иелендім.

– Әлем чемпионаты мен келесі жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Бұл кездесулердің барлығын жоғары деңгейде өткіздім. Тек жартылай финалда беларус балуанына есе жібердім. Алда ел біріншілігі мен түрлі деңгейдегі жарыстар күтіп тұр. Мақсат – еліміздің көк байрағын желбірету, Әнұранын шырқату. Баршаларыңызға қолдау білдіргендеріңіз үшін үлкен рахмет, алда үміттеріңізді ақтайтын боламын. Осындай биік тұғырдан көрінуіме аянбай тер төккен Нұржігіт ағайыма, ата-анама көптен-көп рахмет. – Сұқбатыңыз үшін рақмет.

Райымжан ӘЛІБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы