Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген – Семей полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толды. Бірақ сынақтар тоқтаса да, зардабын адамзат осы уақытқа дейін тартып келеді. Оның ішінде ауада, жердің астындағы жарылыстар Қазақстанға үлкен зардабын тигізді. Мыңдаған сәби ауру болып туылды, өмір бойы арбаға таңылғандары қаншама. Өзен, көлдер тартылды. Қаншама гектар жер жарамсыз күйге түсті. Талай жанға қасірет әкелген Семей полигонындағы соңғы сынақ 1989 жылдың қазанында болған. Міне, содан бері арада аттай 30 жылға жуық уақыт өтсе де радиацияның уыты әлі күнге дейін шашылып келеді. Тәуелсіз елдің бірінші мақсаты ядролық қарудан бас тарту болды. Алайда, ол шешім – оңайға соққан жоқ.
Мен 1959 жылы дүниеге келдім. Мектепті аяқтап, 1977 жылы Семей облысының Курчатов қаласында әскери қызметте болдым. Ол кезде біз жас едік. Көп нәрсені түсінбедік. Полигонның зардабын кейін білдік. Семей полигонында әскери борышымызды өтедік. Көп нәрсенің байыбына тереңдеп бармайтын жас болсақ та, жергілікті халықтың басына түскен қасіретті бірге сезіндік. Жарылыс салдарынан қайтыс боп кеткендері өз алдына ғой, айықпас ауруға шалдыққандарды көзімізбен көрдік. Бойымызды аяныш сезімі билегенімен қолдан келер дәрмен жоқ қой. Бүгінде жасымыз 62-ке таяды. Денсаулығымыз болса сыр береді.
Алайда шүкір деймін. Полигонды аймақта болғанымыз үшін үкіметтен, қалалық аймақтан жеңілдіктер беріліп отырады. Қала әкімі жыл сайын мерекемізде арнайы шақырып, құттықтайды. Оқу орындарына апарып, кездесу ұйымдастырады. Кейінгі ұрпаққа насихаттайды. Үкімет тарапынан санаторияларға барып тұрамыз. Семей қаласында борышын өтеген, арамызда жүрген замандастарымыздың бүгінде жастарға берер патриоттық тәрбиесі арқылы өз үлесін қосып келеді. Мен түркістандық Семей ардагерлерін айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге ізгі көңілмен зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Байдулла МҰСАБЕКОВ,
Семей ядролық полигоны қоғамдық бірлестіктің ардагері.
