ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМНЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ІСТЕРІ

627 көрілім

Өткен жылы тамыздың 28-інде қалалық Ақсақалдар алқасы құрылған болатын. Ақсақалдар алқасы өздерінің құрылғанына бір жыл толуына орай, Яссы сауда орталығында билік пен қоғамдық ұйымдар алдында есеп берді. Жылдық есеп беру жиналысына Түркістан облыстық және қалалық әкімшіліктің өкілдері, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовпен басқа да қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Қазіргі таңда қалалық Ақсақалдар алқасы құрамында 124 адам бар. Ұйымның негізгі мақсаты – қаланы көгалдандыру, тазалық пен тәртіпті тұрақты қадағалау. Қаланы 16 сектор бойынша бөліп, сайланған төрағалар мен төрайымдары қоғамның белсенді топтарымен бірлесе осы жұмыстарды атқарады.

Қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жұмаділла Кішібаев бас қосуға қатысушылар алдында шағын баяндама жасады. Төрағаның баяндауынша, өткен жылы қалалық Ақсақалдар алқасы ұжымының қатысуымен 1800 түп тал отырғызылса, биылғы жылы оның саны 2300-ге жеткен. Талдарды күтіп-баптауға жергілікті тұрғындар да тартылған.

Қоғамдық ұйым халықтың мұң-мұқтажын қала басшылығына, заң орындарына, бөлім басшыларына жеткізіп, мәселенің оң шешімін табуына көмектесіп келеді. Мәселен, бір жыл ішінде тұрғындар тарапынан қоғамға 34 арыз-шағым түскен болса, олардың 85 пайызы шешімін тапты.

Бір жыл ішінде қалалық Ақсақалдар алқасы көмекке мұқтаж 341 отбасына азық-түліктерін жеткізіп берген. Теңгеге шаққанда бұл азық-түліктің шамасы 6 млн 800 мың теңгені құрайды. Мұқтаж жандардың дені көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылары. Ақсақалдар алқасы туғаннан мүгедек жанға аяушылық білдіріп, 22 жасар жігітке 80 мың теңгенің қоларбасын сатып әперді. Билік тарапынан созбұйдашылыққа салу туралы қоғамға келіп шағымданған екі отбасына заңды тиесілі пәтер кілтін әперуге қол жеткізді.

2020 жылы қалада 16 үйден өрт шығып, бала-шағалары далада қалғаны белгілі. Қоғам мүшелері екі отбасының үйін қайта қалпына келтіруге құрылыс материалдарын алып беріп қана қоймай, жастарды шақырып, асарлатып үйді жөндеуді, қалпына келтіруді ұйымдастырды.

Қалада апатты жағдай орын алған кезде қала әкімдігі мен облыс әкімдігінің өтініші бойынша көмек қолын созды. Автовокзал маңында бір отбасы мүшелері төрт баласымен қоса түгелдей газдан уланып қайтыс болғанда, төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, барлық үйлерді аралады. Нәтижесінде, жиырмаға жуық тұрмысы төмен үйде ирандық газ қазандықтарын пайдаланып отырғандары анықталып, оларға заманауи қауіпсіз қазандықтар сатып алуына көмек берілді.

Күннің қатты ысуына байланысты егілген талдарды суару, күтіп-баптау мәселесі бойынша көмектесу үшін облыс әкімдігі 2020 жылы қоғамдық жұмысқа 25 орын бөлсе, биылғы жылы 19 орынға жастарды тартуға рұқсат берді. Қазіргі таңда елуге жуық жастар қоғамдық жұмыстарға тартылған.

Осы жолғы бас қосу барысында тұрмысы төмен 27 отбасына 23 азық –түлік түрінен тұратын қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Қаланы көгалдандыру, тәртіп пен тазалықты сақтауда қоғамдық бірлестіктің жұмысына белсенді қатысып, көзге түскен қоғам мүшелеріне облыс, қала әкімдіктерінің, қалалық Ардагерлер, Ақсақалдар алқасының алғыс хаттары табыс етілді.

І.АБЫТХАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы