БІЛІМ ОРДАЛАРЫ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТҚА ДАЙЫН

585 көрілім

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Үкімет қаулысы бойынша биыл оқу түрі қашықтықтан емес, дәстүрлі форматта жүргізілетін болды. Бұл естіген құлаққа жағымды жаңалық болары сөзсіз. Себебі, тышқан жылында қашықтықтан оқу жүйесі білім алушылар мен мұғалімдерге оңай соққан жоқ. Зум платформасы арқылы сабақ оқу үшін ауылдық елді мекендерде оқушылар интернеттің аз қамтылуынан үйдің шатырына шығуға мәжбүр болды. Бұл мәселелер біртіндеп шешіле бастағанымен, оқу маусымы аяқталған тұста ата-аналар балаларының мектеп қабырғасында білім алғанын жөн көрген еді. Әйтсе де алқалы орган шешімімен оқу маусымы оффлайн форматқа ауысты. Осы орайда Түркістан қаласының білім ордаларының дәстүрлі форматқа дайындықтарын білу үшін Түркістан қалалық адами капиталды дамыту бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушысы Гүлмира Құлбайымбетовадан сұхбат алдық.

– Елдегі пандемиялық ахуалға байланысты оқу жылының дәстүрлі форматқа ауысқанына ата-аналар қарсылық танытып жатқан жоқ па?

Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан қарсылық көрсетіп жатқандар жоқ. Керісінше, балалардың мектеп табалдырығын аттап,жаңа оқу жылын білім ордасында қарсы алуын қолдап отыр.

– Қалалық білім бөліміне қарасты білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын ба? Осы жөнінде ақпарат беріп өтсеңіз.

Қазір қалада адами капиталды дамыту бөліміне қарасты 33 мектеп бар. Одан бөлек 10 жеке меншік білім ордасы бар. Сонымен қатар, барлық оқу ордаларына оффлайн форматқа дайындық жұмыстары жүргізілді. Барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай дайын отыр. Онымен қоса, Отырар мөлтек ауданында жаңадан 900 орындық мектеп ашылғалы жатыр. Білім ордасы жаңа оқу жылы басталғанға дейін қолданысқа беріледі.

– Мектептерде карантиндік талаптарға байланысты қандай өзгерістер енгізілген?

Карантин талаптары бұрынғыдай. Өзгеріс тек, барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін «Ashyq» жүйесі енгізілді. Онымен қоса бір сыныптың ішінде 25 оқушыдан аспауы тиіс.

-Мектеп мұғалімдеріне қандай талаптар қойылып жатыр? Екпе салдыру мұғалімдерге міндеттеледі ме?

Тек мұғалімдер ғана емес, оқу ордасының барлық қызметкерлері күзетшіден бастап мектеп директорына дейін жүз пайыз екпеден өтуі міндеттелген. Қызметкерлер екпенің 2 компонентінен өтуі керек. Қазір қала мұғалімдерінің 97%-ы вакцина салдырды. Одан бөлек, медициналық қарсы көрсеткіштері бар (жүктілік кезеңінде жүрген, созылмалы аурулары бар т.б) мектеп қызметкерлеріне екпе салдыру міндеттелмейді.

-Жаңа оқу жылында оқушылар арнайы мектеп формасымен барады ма?

Негізі әр мектептің арнайы мектеп формасы бар. Бұрын арнайы мектеп формасын сатып алу әр білім алушыға міндеттелсе, қазір жаңа оқу жылында міндетті емес. Себебі, биыл білім беру жүйесіндегі өзгерістерге байланысты классикалық үлгіде (ақ, қара) киіну міндеттеліп отыр. Арнайы тігілген мектеп формасын кию білім алушының өз еркінде.

– Оқушылардың қауіпсіздігі үшін вирустан қорғану құралдарына (антисептик, бетперде т.б) мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

Жаңа оқу жылына дайындық барысында вирустан қорғану құралдарына облыстық бюджеттен жалпы 1 млн 320 мың теңге бөлінді. 530 литр антисептик алынса, 995 дана кілемше және 10 мың дана бетперде алынды. Онымен қоса, оқу маусымы басталмай жатып, тағы да пысықтау жұмыстары жүргізіледі.

Қорытындылай келе, биылғы білім жүйесіне біршама өзгертулер енгізілгенін көріп отырмыз. Оқу түрі дәстүрлі форматқа көшті дегеннен-ақ барлық білім беру ұйымдары қызу дайындық үстінде. Бұл бір жыл қашықтықтан оқыған оқушылар үшін де жағымды жаңалық. Ендігі кезекте оқуға керекті құрал-жабдықтарын дайындап жатқан білім алушылар мен оқу ордалары қыркүйек айының басталуын күтіп отыр.

Ұлпан АБДІРАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы