АТА ЗАҢ – АЛТЫН ТҰҒЫРЫМЫЗ

519 көрілім

Дәл осы күні республикада бүкілхалықтық референдум өтті. Яғни, Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтардың дүниеге келген сәтінен бастап, одан ажырамас құқықтарына қатысты нормалар енгізілді. 1998, 2007 және 2011 жылдары Конституциямызда бірқатар өзгерістер болды.

Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар көзіне айналды. Айналасы 26 жылдың ішінде бірлігі жарасқан, дамыған елдермен иық тірестіре қарыштап келе жатқан мемлекет болдық. Оның барлығы дұрыс қабылданған Ата Заңымыздағы бүкіл адамзаттың құндылықтары мен өркениеттік игіліктердің толық қамтылғанын айғақтайды.

Конституция – біздің адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің жақсы дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Ата заң қабылданған күн – біз үшін қасиетті күн болу керек. Өйткені, бұл – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қадам басуының алғы-шарттарын жасап берген жасампаз құжат.

Конституция еліміздің бірлігінің, тұтастығының белгісі іспеттес. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі болған Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

«Ақ жол» партиясы құрылғалы берi әлеуметтiк салаға Конституция шеңберінде көп маңыз берiп келедi. Партия тұғырнамасында көрсетiлген теңдік, еңбек, имандылық деген үш ұғым бiр-бiрiмен ұштасып жатыр. Бұл орайда, партияның атқарған iстері аз емес. Ең бастысы, бұл партия Абайдың ұлы философиясын үлгi тұтады. Алаш арыстарының iсiн ардақтап, олардың орындалмай кеткен арман-мақсаттарын тәуелсiздiктiң алтын арқауына айналдырып, байыпты да байсалды бағдарламалар жасап келеді.

Теңдiк, еңбек, имандылық деген ұғымдар бiздiң қоғамда әлi орнын таба алмай жүр. Имандылық – тәрбие тiрегiне айналуы тиiс. Иман болмаған жерде игi iс болмайды. Қазiр ұрлық-қарлықтың көбейiп кетуi, қоғамдағы әдiлетсiздiктер, тәртiптiң болмауын имандылықтың әлсiреуiнен деп бiлу керек. Ал, қоғамда теңдiк болмаса, әртүрлi топтардың арасында кикiлжiң көбейедi. Ал бiз дамыған мемлекеттердiң қатарына қосыламыз десек, орташа топтың қатарын көбейтуiмiз керек. Осы айтылған істердің аясында «Ақжол» партиясы біраз жұмыстар атқарып келеді.

Жер – ортақ, жер астындағы, үстiндегi байлық та бәрiмiзге ортақ, ендеше оны пайдалану құқығы да бәрiмiз үшiн тең болуы тиiс. Экономикамыз өсiп келе жатыр, бiрақ оның жақсылығын әуелi еңбек адамдары көрсе игі болар еді. Кез келген мемлекет үшін халқының жағдайы бiрiншi орында тұруы керек.

Әрбір азамат үшін тәуелсіз, тыныш мемлекетте өмір сүру – үлкен мақтаныш десек, еліміздің жылдан-жылға көркейіп, дамып келе жатқандығы халқымыздың көңіліне қуаныш ұялататыны сөзсіз. Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздігіміз бен Ата Заңымыз. Ендеше, осы құндылықтардың мәңгі жасауы жолында аянбай тер төгуіміз керек деп есептеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Абдурасул ҚҰРБАНАЛИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихат депутаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы