КӨК ТУЫМЫЗ ЖЕЛБІРЕЙТІН, ӘНҰРАНЫМЫЗ ШЫРҚАЛАТЫН КҮНДЕР КӨП БОЛСЫН

796 көрілім

немесе Токио Олимпиадасында спортшыларымыздың нәтижесі қандай?

Жапония астанасы Токиода төртжылдықтың басты байрақты бәсекесі ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. 23 шілде күні басталып, 8 тамыз күні аяқталған әлемдік сайыста Қазақстан құрамасы спорттың 27 түрі бойынша 96 спортшы бақ сынады. Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Байрақты бәсекеде Қазақстан медаль саны бойынша 83-орыннан көрінді.

«2020» логотипімен өткен Олимпиада ойындары төтенше жағдайға байланысты артқа шегерілген бірінші Олимпиада ойындары ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ, бірінші рет көрермендерсіз, тақ жылда өткізілген Олимпиада саналады. Тағы бір ерекшелігі, биыл Олимпиада тізіміне бес спорт түрі қосылды. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.

Иә, тағы бір жазғы Олимпиада ойындары аяқталды, қорытынды нәтиже қандай болды? Енді осы сұрақтарға жауап іздесек. Мұхиттың арғы бетінен келген АҚШ командасы медаль саны жөнінен топ жарды. Олар жалпы жиыны 113 жүлдеге қол жеткізіп, әлемдегі негізгі спорт алпауыты екенін дәлелдеді. 38 алтыны бар Қытай екінші орынға жайғасты. Жарыс қожайындары Жапония өзіндік рекордын жаңартып, жалпы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Күншығыс елінің қыз-жігіттері 58 медаль еншіледі. Оның 27-і алтын. Жасыратыны жоқ, бұл жолы Қазақстан құрамасы осы уақытқа дейін өткізілген Олимпиада ойындарындағы ең төменгі нәтижеге қол жеткізді. Жерлестеріміздің еншісінде 8 қола медаль бар. Абыроймен елге оралғандардың қатарында дзюдошы Елдос Сметов, зілтеміршілер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло бар. Сондай-ақ былғары қолғап шеберлері Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев және қос каратэші Дархан Исадилов пен Софья Берульцева ел қоржынына қола жүлде салды.

Осы күнге дейін қазақ спортшыларының Олимпиада ойындарында қол жеткізген нәтижелері:

Атланта – 1996 ж. – 24 орын (11 медаль – 3 алтын, 4 күміс, 4 қола)

Сидней – 2000 ж. – 22-орын (7 медаль – 3 алтын, 4 күміс)

Афины – 2004 ж. – 40-орын (8 медаль – 1-алтын, 4 күміс, 3 қола)

Бейжің – 2008 ж. – 29-орын (9 медаль – 2 алтын, 3 күміс, 4 қола)

Лондон – 2012 ж. – 24-орын (11 медаль – 3 алтын, 1 күміс, 7 қола)

Рио-де-Жанейро – 2016 ж. – 22-орын (18 медаль – 3 алтын, 5 күміс, 10 қола)

Токио – 2020 ж. – 83 орын (8 қола)

Жанкүйерлер боскшыларға сенім артып, алтын күткеніміз рас. Басқасы болмаса да солар бас жүлдені қанжығасына байлайды деп ойладық. Абылайхан Жүсіпов пен Василий Левит, ізін ала Бекзат Нұрдәулетов жарыстан бірден шығып қалды. Расын айту керек, мұндайды ешкім күтпеген еді. Әсіресе, жартылай финалда +91 салмақта Қамшыбек Қонқабаев пен 52 келі салмақта Сәкен Бибосыновтардың жеңіліске ұшырауы үмітімізді тағы да сөндірді. Басқа спорт түрлерінен де спортшыларымыз тым төмен нәтиже көрсетті. Жалпы алғанда, бұл жолы жолымыз болмады. Мүның себебін тиісті мамандар саралап жатар. Тек сенім үмітін жоғалтпайық.

Құдай бұйыртса спортшыларымызды 3 жылдан кейін Францияда өтетін Олимпиада ойындары күтіп түр. Осы жолы жіберген қателіктерден қорытынды шығаруға әлі уақыт бар. Айтарымыз, спортшыларымыз тыңғылықты дайындалып, жеңіс тұғырынан көріне берсін дейміз. Тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін спортшылар күні қарсаңында барлық спортшыларға алдағы дүбірлі жарыстарда көк туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып, қазақ елінің абыройын асқақтатуына шын ниетпен тілектеспіз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары