ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

643 көрілім

Бар өмірін білім саласының дамуына арналған ұлағатты ұстаз өмірден өтті.

Мұсабекова Шарапат Әбутәліпқызы- филология ғылымдарының докторы, білім беру ісіне еңбегі сіңген педагог-психолог, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, кәсіптік білім беру ісінде еңбегі сіңген құрметті қызметкері, Түркістан қаласының «2000 жылғы–Жыл адамы», «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Кәсіподаққа еңбек сіңірген қызметкер» төс белгісімен, Халықаралық психологиялық ғылым академиясының дипломымен, Шымкент қалалық мәслихатының құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қазақстан мұғалімдерінің 6 съезінің, ҚР Білім және ғылым қызметкерлерінің 3 съезінің делегаты. Ш.Ә.Мұсабекова – 1977 жылы директордың педагогикалық практика жөніндегі орынбасары болса, 1984 жылы педагогикалық ұжымның директоры қызметіне тағайындалды. Осы уақыттарда училищенің материалдық-техникалық базасы нығайды. Компьютерлік кластар ашылып, оқу кабинеттері қоғам талабына сай оқытудың техникалық құралдарымен жабдықталды, кітапхана қоры молайды, студенттік жатақханада жағдай жақсарып, асхана жұмыс істеді.

Оқу корпусы болашақ мамандардың өмір салтына бейімделіп жайлы жағдай жасалды.

Шарапат Әбутәліпқызының жеке басын ерекшелендіретін қасиеттері – еңбексүйгіштігі, талап қоя білуі, ұжымды алға қойған мақсатты шешуге талпындырып, ұйымдастыра білуі және кадрларды іріктеп, таңдай білуі. Оның осы қасиеттері педагогикалық ұжымның бірлесіп жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар туғызды.

Қазіргі заманғы экономикадағы түбегейлі өзгерістерді дер кезінде аңғарып, тек гуманитарлық мазмұнға ауып кетпей ғылыми-техникалық прогрестің даму заңдылықтарына сай келетін жаңа саладағы мамандарды дайындау мақсатында қосымша бөлімдер ашып, онда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке қажет жұмысшы кадрлар даярлана бастады.

Мұсабекова Шарапат Әбутәліпқызы – демократиялық бағытты ұстанған басшы, тиянақтылықты, ұқыптылықты талап етті. Ұжым мүшелері арасында жоғары адамгершілік, сыйластық, ынтымақтастық қатынас қалыптастырып, студенттер мен олардың ата-аналарымен кездесіп, тәрбиелік іс-шараларға жиі қатысып отырды. Елімізде жүріп жатқан әлеуметтік реформаларға сәйкес оқытушылар мен студенттердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға атсалысты.Талай қиын кезеңде студенттерді оқыту мен тәрбиелеуге қоса, оқушылардың өз мерзімінде шәкіртақы мен материалдық жәрдемақы алуына айрықша назар аударды.

Шарапат Әбутәліпқызының оқу процестерін ұйымдастыру мен басқару ісі – мұғалімдердің шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс істеп, болашақ мамандардың кәсіптік біліктілік сапасын арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, ғылыми негізделген оқу бағдарламалары мен жоспарларын жасап, жаңа пәндерді қолдану аясын кеңейтуді басшылыққа алды. 2001-2002 оқу жылында колледж мемлекеттік аттестациядан жақсы көрсеткіштермен өтті. Бұл директор жұмысының жемісі мен жетістігі. Оның өмірлік бағыт-бағдары жеке тұлға мен кадр дайындауда оқыту мен тәрбиелеу жүйесін жақсы жолға қоюға, колледж мәртебесін биіктерден көрсетуге бағытталған.

Педагогикалық училище қаладағы мәдени орталықтардың біріне айналды. Училище үлкен типтік жаңа үлгідегі ғимаратқа көшірілді. Бұл оқу корпусының ең алғашқы қонағы Қазақстан ОК-ның бірінші секретары Д.А.Қонаев болды. Ұжымның мұндай биік жетістіктерге қол жеткізуі училище директоры Шарапат Мұсабекованың оқушылар мен оқытушылардың жұмыс істеуіне жасаған жағдайының нақтылы көрінісі болды.

Училищеде қыста өсімдіктер мен гүлдер өсіру үшін әйнектеліп, жылытылған оранжерея және оқу-тәрбиелік теплица салынып, жұмыс істеді. Бұл қалада бірінші рет ашылған оранжерея болатын. Шарапат Әбутәліпқызы Мұсабекова осы колледжді 30 жыл басқарып, колледждің қанатын қатайтып, талай биік белестерді бағындырып, білікті кәсіби мамандарды даярлауда республикаға танымал білім ордасының қалыптасуына өзіндік ізін салды. 1992 жылдары егемендігін алған тәуелсіз Қазақстандағы көптеген өзгерістер мен реформалар білім саласына да ықпалын тигізіп, еліміздегі орта кәсіби оқу орындарын жоғарғы оқу орындарының құрамына енгізу секілді қайта құру мәселесі туындаған шақта Шарапат Әбутәліпқызы өзі басқарып отырған колледждің дербестігін сақтап қалып, қала орталығындағы типтік оқу ғимаратын Түркістанда ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қалдырып, байырғы педучилище ғимаратына қайта оралып, педагогикалық ұжымның білім берудегі деңгейін төмендетпей, жаңа сатыға көтеріп, діңгегін мықтылай түсті.

1997 жылы еліміздегі білім саласындағы қайта құру процестерінің нәтижесінде қаладағы екі мемлекеттік оқу орындары – Түркістан педагогикалық колледжі мен индустриалды-педагогикалық колледжін біріктіру жолымен гуманитарлық- техникалық колледжі болып қайта құрылған кезде де жоғары ұйымдастырушылық қабілеті және кәсіби біліктілігімен танылған Шарапат Әбутәліпқызы директорлық қызметін одан әрі жалғастырды. Еншісіне тиген, қиюы кеткен ПТУ-дың ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізіп, колледждің оқу-материалдық базасын талапқа сай қалыпқа келтіруде ұжымды жұмылдыра біліп, қажырлылық танытып, сол кездегі экономикадағы түбегейлі өзгерістерді дер кезінде аңғарып, тек гуманитарлық бағытты ұстанбай, қоғам дамуының заңдылықтарына сай келетін жаңа саладағы мамандарды дайындау мақсатында «Өзбек тілі және әдебиеті», «Киімдерді модельдеу мен конструкциялау», «Қазақ тілі және әдебиеті», «Кәсіптік оқыту» (салалары бойынша) жаңа мамандықтарын ашып, колледждің оқу-материалдық, техникалық, әлеуметтік базасын нығайта түсті.

«Ұстаз ұлылығы ұлықтылығымен емес, ұлағатымен танылады» демекші, Шарапат Әбутәліпқызының басқару ісіндегі жаңашылдығы мен озық ойлылығының арқасында педагогтардың шығармашылық өсуіне жағдай жасалып, 2000-2001 оқу жылынан бастап колледж гуманитарлық және әлеуметтік пәндер бойынша облыстық оқу-әдістемелік бірлестігінің орталығы ретінде, облыс және республика көлеміндегі оқу-практикалық семинарлар өткізудің базасына айналды. Осы жылдан бастап өткізілген «Жылдың таңдаулы оқытушысы», «Жылдың топ жетекшісі» облыстық байқауларында колледж оқытушылары үнемі жүлделі орындардан бас жүлдеге дейін иеле-ніп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз!

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы