- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жақында облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, көптеген сауапты істердің бастамашысы, төл газетіміздің жанашыры Тайыр Абдувалиевтың шаңырағында өткен басқосуда елдің бірлігі, ынтымағы, түрленген Түркістанның болашағы жайлы сөз болды.
Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының қаламыздағы мөлтек аудан басшылары Оралбай Әлкеев, Оразқожа Бейсенов, Нәлтай Бегимов, Қалмырза Исетов, Өсербай Ақбаев, Жанат Мырзабекова, Құрбан Сүлейменов, Әшім Қорғанбаев, Рафаэл Сұлтанғалиевтар бас қосқан жиында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов өз ойларымен бөлісіп, келешек жоспарларын баяндады.
-Облыстық ақсақалдар алқасының бөлімдері Түркістан, Кентау қалалары, Сауран, Отырар, Сайрам, Созақ, Жетісай аудандарында жұмыс жасайды. Мұратбек Қонқабаев басшылық ететін Түркістандағы бөлімде бүгінгі таңда біршама айтуға тұрарлық нақты істер атқарылды. Атап айтсақ, көпшілікпен ақылдаса келе күн көрісі төмен, мұқтаж отбасылар үшін Түркістанда азық-түлік пен киім-кешекті тегін тарататын дүкен аштық. Басқа аудан қалалар бұл бастамамызды құптап отыр. Бұл дүкеннің жұмысын «Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров үлестіруде. Жақында Құрбан айт мерекесі қарсаңында 236 отбасыға азық-түлік өнімдерін тарқатып бердік. Сондай-ақ, өрттен зардап шеккен отбасыларға киім-кешек, жиһаздармен көмек көрсеттік. Бүгінгі басқосуды ұйымдастырған қолы ашық, жомарт жан Тайыр Абдувалиевтың 29 мұқтаж отбасыға ет тарқатып, сауапқа кенеліп отырғанын мақтанышпен айтқанымыз жөн. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру бойынша да байқаулар жариялап, осы уақытқа дейін 400 отбасыға қаржылай ынталандыру сыйлықтары берілді. Қала тазалығы – баршаға ортақ. Сондықтан, бұл жауапты іске әрбіріміз міндетті болуымыз тиіс, – деді Ж.Әзіретбергенов.
Өз кезегінде Тайыр Абдувалиев «Бірлік» мөлтек ауданында бүгінгі таңда 178 көшенің көпшілігіне асфальт төсеу қажеттілігін, көпшілік үшін ортақ мәселе – канал үстінде көпір құрылысына қала әкімдігінен 97 млн. теңге бөлінгенін, таяу арада 3 трансформатор орнатылатынын, бұл жөнінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков хабардар екенін айтты. Сондай-ақ, қалалық өзбек этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Толқын Сайтмұратов жақында Түркістан қаласында Өзбекстан Республикасының ресми делегациясының достық кездесуінде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кейбір мәселелер жөнінде ойларын жеткізгенін атап өтті.
Басқосу соныңда ел ағалары Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне лайық болу үшін жұмысымызды жандандырып, бірлік пен ынтымақтың биік үлгісін көрсете білуіміз қажет деген тоқтамға келді.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».