3 ҚОЛА ҚОЛДА, АЛТЫН МЕН КҮМІС ЖОЛДА

1  319 көрілім

Өткен жылы Жапон астанасы Токиода XXXII жазғы Олимпиада ойындары өтуі тиіс болатын. Өкінішке орай, коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген басты доданың биыл 23 шілде күні алауы тұтанып, әлемнің 206 мемлекетінен келген 12500 спортшы жарыс жолында бақтарын сынауда. Оған қазақстандық спортшылар спорттың 27 түрінен 96 жолдаманы жеңіп алды.

Міне, жаһандағы спорт саңлақтарының басын қосқан Токио Олимпиадасының жалауы желбірегеніне де бүгін тура бір апта өтті. Әзірге спортшылар жалпы командалық есепте 3 қола медальды иеленіп, 54 орында тұр. Дзюдодан 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов үкілі үмітімізді ақтап, Токио Олимпиадасында ел қоржынына алғашқы медальды салды. Елдос Сметов алғашқы жекпе-жекте түрік палуаны Мирхадж Аккуштан басым түссе, одан соң Оңтүстік Кореяның спортшысы Ким Вон Джинді жеңді. Алайда, жартылай финалда тәжірибелі жапон дзюдошысы Наохиса Такатодан жеңіліп қалды. Ол қола медаль үшін болған жекпе-жекте Нидерланды өкілі Торнике Чакадуаны жеңіп, мықтылығын дәлелдеді.

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынын зілтемірші Игорь Сон кезекті медальмен толықтырды. Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Осы орайда, төрешілер Игорь Сонның екі мүмкіндігін есепке алған жоқ. Қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 294 келіні көтеріп, қола медальды місе тұтты.

Үшінші қола Зүлфия Чиншанлоның еншісіне жазылды. Ол ауыр атлетикадан әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта қола медальды жеңіп алды. Зүлфия Чиншанло қоссайыс қорытындысы бойынша 213 келіні бағындырса, жұлқа көтеруде 90, серпе көтеуде 123 келіні көтерді. Осылайша, Токио Олимпиадасына аттанған екі зілтеміршіміз де қола медальды тағынды.

Олимпиада ойындарында боксшыларымыз ел қоржынына көптеп жүлде салатыны жасырын емес. Бұл жолы да боксшыларымызға үлкен үміт артып отырмыз. Өкінішке орай, алғашқы кездесуде қазақстандық боксшы, қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов жарысты алғашқы айналымда-ақ аяқтады. 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін Азия чемпионы Василий Левит алғашқы кездесуінде Испания спортшысы Эммануэль Рейестен жеңіліс тапты. Сондай-ақ, 57 келі салмақта Серік Теміржанов америкалық Дюк Раганға, 81 келі салмақта әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов ресейлік Имам Хатаевқа, Қазақстаннан барған жалғыз боксшы қызымыз Надежда Рябец 75 келіге дейінгі салмақта канадалық Тамара Тиболтқа 1:4 есебімен есе жіберді.

Ал, Түркістан облысының тумасы, Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасындағы бірінші жекпе-жегін сәтті өткізді. 52 келіде сынға түскен Сәкен бірінші айналымда Пуэрто-Рико өкілі Янкьель Ривера Фигероамен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы 4:1 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Сәкеннің ринг төріндегі келесі қарсыласы әлем чемпионатының қола жүлдегері франциялық боксшы. Ал, Зәкір Сафиуллин 63 келіге дейінгі салмақта перулік Леодан Пезо Сабойюді жеңсе, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл да келесі кезеңге өтті. Ол өзбекстандық боксшы Фанат Кахромоновты 5:0 есебімен ұтты. Отандасымыз келесі айналымда бразилиялық Эберт Соусамен кездеседі. +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев турнирдегі алғашқы кездесуін сәтті аяқтады. Ол мысырлық боксшы Юсри Резк Мұстафа Хафезді айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шықты.

Түркістан облысы атынан Қазақстан құрамасы сапында Токиоға аттанған дзюдошы Дидар Хамзаның тағы жолы болмады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Дидар Хамза жарысқа екінші айналымнан қосылып, әлем чемпионы, Моңғолия дзюдошысы Саид Моллаимен кездесті. Тәжірибелі қарсылас кездесу барысында әдіс жасап, иппон ұпайын еншіледі. Нәтижесінде, Дидар Хамза Токио Олимпиадасын алғашқы белдесуден аяқтады.

– Облысымыздан Токио Олимпиадасына 5 спортшы аттанған. Өкінішке орай, бір спортшымыз жарыс жолын ерте аяқтады. Қалған өрендерімізден үмітіміз бар. Төртжылдықтың басты додасының аяқталуына әлі бір апта бар. Жалпы спортшыларымызға сенім артып, жеңісті күндеріміз алда деп сенейік, -дейді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмұхаметәлі Бердашев.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы