ҚАЗАҚ ҰРПАҒЫН КӨБЕЙТКЕН ӨЗБЕК ҚЫЗЫ

959 көрілім

Жүрек қалауымен өзбек қызын таңдаған Сұлтан Туғанбаевтың «үрiм-бұтағымды көбейтiп, қазақы шаңырақтың шаттығын молайтады»- деген түпкi ақ арманы орындалыпты.

Иә, орындалғаны емес пе, өзбек қызы Зиядагүл өмiрге 9 қыз бен 4 ұл әкелiп,  оларға өнегелi тәрбие берiп,  қазақы отбасының мол берекесiн дарытыпты. Ендеше, осынау он үш ұл-қыздың аты-жөндерiн түстеп атап өтейiкшi. Тұла бойы тұңғыштары Сейiтбай, одан кейiн Айтбай, Бейсенкүл, Сейітмет, Роза, Қалбибi, Ташбибi, Талғат, Нұржамал, Рысбибi, Ақмарал, Ақнұр, Айнұр есiмдi ұл-қыздарының әрқайсысы бiр-бiр үйдiң шамшырағын жағып отырған отбасы иелерi.  Ата-бабамыздың «Ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған» деп айтып кеткен қасиеттi даналығы осындайда айтылса керек.

Бүгiнде Зиядагүл апа төртінші ұлы Талғаттың қолында тұрады.  Ал, Сұлтан көкенiң бұл өмiрден өткенiне он бес жылдың жүзi болыпты.

– Осынау қарашаңыраққа түскен төрт келін бір-бірімізбен өте тату-тәтті тұрамыз. Енемізді қатты қадірлейміз. Біз бүгінде жаңа облыс орталығы Түркістан қаласында тұрамыз. Қайын енем өте еңбекқор, мейірімді, қамқор жан. Үйде бос отырғанды жаны қаламайды, үй ауласындағы бау-бақшаға өзі қарайды. Өзі баптап өсірген жеміс ағаштарының өнімдері мен көкөністерді немерелері мен шөберелерінің сүйсініп жеп отырғандарына риза пейілмен қарап отырады. Осындай бақытты шақты сендерге де тілеймін, – деп ұл-қыздарына, келіндеріне батасын беріп отырады. Бізді де еңбекқорлыққа үйреткеніне ризамын.

Анамдай болған қайын енемнің денсаулығы жақсы. Он үш ұл-қыздарының үйлеріне өзі барып келеді. Жағдайларын біліп, немере-шөберелеріне сыйлықтарын апарып, қуантып жүреді. Шынында,  әрбіріміздің жағдайымызды біліп, жақсы ісімізге қуанып, тілектес болып отырады.

Алтындай жарқыраған қайын енемнің 100 жасқа келуін тілеймін. Менің бүгінгі таңда бар жақсы тірлігім, ұрпақ тәрбиесіндегі атқарып жүрген жұмысым туған анамдай болып кеткен қайын енемнің үлгі-өнегесі деп білемін, – дейді Зиядагүл әженің екінші келінi Ләззат.

Он үш құрсақ көтерген Батыр ана осынау ұл-қыздарынан өрбiген 50 немере мен 60 шөберенiң тәттi қылықтарын көрiп отырған бақытты әже. Зиядагүл Туғанбаева жақында 85 жасқа толғалы отыр. Ендеше, қазақ ұрпағын көбейткен өзбек қызы Зиядагүл апамызға алғысымыз шексіз.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы