ҒАЛАМНЫҢ ЖЫР ДАНАСЫ

564 көрілім

Ақын бақыты – поэзиясының халықтың ой-санасын оята білуінде, жан дүниесін тебірентіп, толғантып, жүрегінде Күн сәулесіндей ұялауында. Абайдың жырлары мен қара сөздерінің ғаламаты – қайталана оқылған сайын көңілде өнеге өрнегі тоқыла береді. Абай – халық сүйіктісіне айналған қамқор да қайырымды тұлға.

Абай поэзиясы – өміршең, мәңгілік, жасампаз. Ондағы толғаныс-тебіреністер, күйініш-сүйініштер әр заманнан үндестік табуда. Жаңа ғасырда да жаңа қырынан жарқырайды. Абайдың асыл мұрасы – биік адамгершілік үлгісі, ізгілікті өмір үлгісі, Жаратқанның жақсылығынан шапағат алу үлгісі, адамдарды құрметтеп, сыйлау, сүю үлгісі, табиғат пен қоршаған ортаны аялау үлгісі, танымды, тағылымдық тәрбие үлгісі. Өлең өнерінің өркениет әлеміндегі өміршең үлгісі, Абай өлеңдеріндегі осы үлгілердің көңілі ояу, көкірегі сезімді жан ғана ұғады.

Абай аты – ақындықтың, даналықтың, ойшылдықтың ұраны ғана емес, ұлы таланттың тағылымды сөздері – ұлт мүддесі үшін күресудің жолындағы куатты құлшыныс құралы. Абай шығармаларын оқып, түпкі мағынасын, ой астарын түсініп, сезінген сайын, жаңа сипаттарын танытады. Абай поэзиясы – жүрегіміздің айнасы, көңіліміздің темірқазық жұлдызы, санамыздың сәулесі. Ұлы таланттың ар-намысын оятып, жан-жүрегін қозғаған ақикат ойлары қашанда ғибратты да құнды.

Абай отарлық буғаудағы халықты жаңа қоғамға бағыттауда жанкешті тірлік жасады. Бас-басына берекесіз билікті де аяусыз сынады. Ел болу мүддесін жырында да, қара сөздерінде де көрсетті. Надандық, жалқаулық, енжарлық пен ездік, жауыздық пен жамандық жайлаған қоғамда халыққа ізгілік, жақсылықты дәріптеді. Абай – халықтың тағдыры мен болашағы үшін жанын шүберекке түйген қайсар күрескер. Көрмеген азабы да, күйігі, шері де аз болмады. Елінің күні ертең жететін биіктерін кемеңгерлік оймен нұсқап көрсетті. Абай ойларынан үлгі алғанда шын мәнінде біз әлдеқашан өркениет әлемінде өзгелер өнеге тұтар орнымызды ойып тұрып алар едік.

Біз Абайға мәңгілік қарыздармыз. Абай ойларын оқып, түсініп, түйсінумен бірге, оны өз өмірімізге, мақсат мұратымызға темірқазық жұлдыздай берік бағдар ету – баршамыздың парызымыз. Абайды ардақтап, ұлы есімін мақтанышпен айтамыз. Ең ізгісі – ұлы ақынның бірге қасиетті өсиет сөздерін, өнегелі ақылын тіршілікке пайдалана білу. Бізге қазір жетпейтіні осы. Абай әлі кітап күйінде қалып отыр. Абай- ұлтымыздың ар намысының мәңгі сөнбес алауы. Абайтану ғылымын биікке көтеріп, әлемді керемет кемеңгердің шығармашылық ерекшелігіне, адамдық, ізгілік, парасаттылық болмысына, анық көз жеткізгенде ұлы ақын адамзат алыбына айналады.

З.ТӘЖІБАЕВА,

«Ұлы Дала Елі» орталығы

ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы