ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

631 көрілім

Мұсылмандар үшін мәртебесі биік мереке бұл құрбан айт болып есептеледі. Биылғы құрбан айт шілденің 20-на түсіп отыр. Осындай маңызды күнде сәждеге бас қойып, аталмыш ұлық мейрамды жамағатпен қарсы алуға жиналған халық көп болды. «Түркістан Ахмет Ясауи» орталық мешітіне таң сәріден жиналған түркістандық бауырлар дұға жасап, мұсылмандық парыздарын орындады.

Құрбай айт мерекесі әлемді жайлаған індет пен қоса еліміздің бірнеше өңірлерінде орын алып отырған қуаңшылықпен тұспа-тұс келуде. Осынау ел басына түскен сындарлы сәттерде қолы ашық қайырымды жандар мен жүрегі мейірімге толы мұсылмандар үшін сауапқа кенелудің мүмкіндік айы болып табылады. Сондықтан да бұл күні жиналған жамағат елдің, жақындарының амандығы үшін садақа жасап, дұға-тілектерінде отанымызда тыныштық орнасын, әрқашан бастарымыз аман, бауырларымыз бүтін болып Тәуелсіз Қазақстанымыз көркейе берсін деген игі ниеттерін білдірді.

Жиналған халықты Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов құттықтап, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын деген ізгі тілегін жеткізді. Одан кейін жамағат айт намазына сапқа тұрып, құлшылықтарын жасады.

– Құрбан айт жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Құрбан сөзі – араб тілінен аударғанда жақындау, яғни амал істермен Аллаға жақында деген мағынаны білдіреді. Бұл мереке тек қана діни мейрам емес, сонымен қатар елдің бірлігі мен ынтымағын арттыратын, бейбітшілік пен келісім нышаны болып табылады. Осы қасиетті мерекеде бір-біріміздің қателіктерімізді кешіріп, өзара татулығымызды арттырайық ағайын, мереке құтты болсын мұсылман бауырлар,-деді Еркебұлан Ыбрайымұлы.

– Құдайға шүкір, мешіттеріміз қайта ашылып, жамағатпен бес уақыт намазымызды оқып құлшылық жасап жүрміз. Биыл арақашықтықты сақтап, бетперде киіп мешітке барып Құрбан айт намазын оқу бақытына кенелдік. Әлемді жалмаған індеттен арылып, бейбіт күндеріміз көп болсын, жалпы еліміз, киелі қаламыз көркейе берсін,-деді қала тұрғыны Азат Маһкамбайұлы.

Айта кетейік шілденің 20-нан басталған Құрбан айт мерекесі үш күнге ұласады. Осы аралықта шалынған құрбандықтың еті негізінен үшке бөлінеді: бір бөлігі өзіңізге, ал қалған екеуі ағайын туған, көрші-қолаң мен мұқтаж жандарға беріледі. Айт құтты болсын, Алла тағала барлық тілектеріңізді қабыл етсін!

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы