АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ҚАЙТА САЙЛАНДЫ

1  978 көрілім

Қаламыздағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде қалалық ардагерлер ұйымының кезекті ХІ-ші есеп беру сайлау конференциясы өтті. Жиын пандемия кезінде қайтыс болған біраз асыл азаматтарды үнсіздікпен еске алумен басталды. Конференцияны қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Құлбайымбетов ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде қалалық ардагерлер ұйымының Х-ХI-ші конференция аралығында атқарылған жұмыстары және алда тұрған міндеттері, тексеру комиссиясының есебі, қалалық ардагерлер ұйымының жаңа құрамын сайлау және облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясына делегаттар сайлау мәселелері қаралды.

Алдымен мінберге көтерілген мандат комиссиясының төрағасы Роза Нұрпейісова қысқаша баяндама жасаса, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов осы уақыт аралығында қала көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстар туралы кеңінен есеп берді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз. Олар еліміздің ертеңі үшін қан төкті, туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етті. Сондықтан біз олардың еңбектерін әрқашан да ұмытпай бағалап, ардагерлерге ілтипат, құрметпен қатар тұрмыстық-әлеуметтік қамқорлық көрсетуіміз керек»,-деп айтқан қанатты сөзін негізге алып, қаладағы зейнеткерлердің, әсіресе ҰОС және тыл ардагерлерінің әлеуметтік және тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша атқарған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, тексеру комиссиясының төрағасы Жақсыбек Бейсенов ардагерлер ұйымына келіп түскен қаржының игерілуі туралы есеп берсе, Түркістан облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Есалы Нұржанов, ардагерлер ұйымының мүшелері Балтабай Әжеков, Серікбай Боханов, Ұлжан Мұстафаевалар қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына қанағаттанатындарын білдірді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық ардагерлер ұйымының төрағалығына осы уақытқа дейін жұмысын ойдағыдай атқарып келген Жарқынбек Құлбайымбетов бірауыздан қайта тағайындалды. Оның орынбасарлары болып «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев пен ардагер-ұстаз, журналист Балтакүл Оспанова сайланды. Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясына делегаттар сайланды. Конференция жұмысына қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров пен қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Сәрсенбаевтар қатысты.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы