КӨКЖИЕКТІ КЕҢЕЙТКЕН КЕЗДЕСУ

471 көрілім

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Caspian Policy Center (CPC) ұйымының делегациясы келді. Делегация құрамында CPC ұйымының Бас директоры Эфган Нифти, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі – CPC Директорлар Кеңесінің мүшесі Ричард Хогланд, CPC орталығының бағдарламалық менеджерлері Ақбота Кәрібаева және Джереми Коэн болды. Қонақтарды университет ректоры Жанар Темірбекова, ғылым жөніндегі проректор Шолпан Есімова мен жауапты хатшы Гульнара Байсенкүл қарсы алды.

Ең алдымен, проректор Шолпан Есімова және Гульнара Байсенкүл делегация өкілдерін оқу ордасының мұражайы мен кiтапханасымен таныстырып, арнайы экскурсия ұйымдастырды. Таныстырудан кейiн CPC өкілдері және университет басшылығының қатысуымен жиын өтті. Екіжақты кездесуде ұйым мен университет арасындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

«Біздің ұйым Орталық Азия, әсіресе, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан сынды мемлекеттердегі мәселелерді зерттейді. Әрине, білім саласы да назардан тыс қалмайды. Осы орайда, Сiздерге Каспий өңірі елдерінде оқу жүйесін дамытуға бірге күш салуды ұсынып отырмыз», – деді CPC ұйымының Бас директоры Эфган Нифти. Ректор Жанар Темірбекова CPC ұйымымен ортақ бағдарламаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Әрине, Сiздермен ортақ келісімге келу біз үшін үлкен мәртебе. Студенттеріміздің Caspian Policy Center ұйымының жұмысымен танысып, зерттеуге қатысуы да жаңа белес пен тәжірибе болмақ», – деді Жанар Темірбекова. Жиын соңында университет басшылығы мен делегация өкілдері бірлескен жобалар ұйымдастыруға келісiм жасады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы