- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Елбасының шешімімен 2018 жылы маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы болып өзгеріп, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұл ғасырларда болатын тарихи жаңалық. Түркістанда қазақтың бар тарихы жатыр. Бүкіл түркі тілдес халықтар Түркістанды ата жұртым деп санайды. Түркістан – қазақ елінің, қазақ хандығының негізін қалаған 250 жылдан аса қазақ хандығының астанасы болған тарихи шаһар.
Елбасының шешімімен 2018 жылы маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы болып өзгеріп, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұл ғасырларда болатын Ұлы тарихи жаңалық. Түркістанда қазақтың бар тарихы жатыр. Бүкіл түркі тілдес халықтар Түркістанды ата жұртым деп санайды. Түркістан қазақ елінің, қазақ хандығының негізін қалаған 250 жылдан аса қазақ хандығының астанасы болған тарихи шаһар.
Түркістан – ер Түріктің бесігі саналатын құтты мекен. Ал, Түркістан облысының құрылуы рухани жаңғырудағы басты құнды шешімдердің бірі болды. Жалпы, еліміздің оңтүстік өңірі қандастарымыздың ұйысып қоныстанған киелі мекені екендігін ескерсек, түркі әлемінде Түркістанның алатын орны ерекше. Осы үш жыл ішінде облыс орталығы атанған қасиетті шаһардың экономика мен әлеуметтік салалары қарыштап дамып келеді.
Осы ретте Түркістан Қазақ хандығының ордасы болған әрі рухани тағылымы мол тарихи мекен екеніне тоқталған Мемлекет басшысы, «Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз. Шежірелі өлке мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналады», – деді. Сонымен қатар, Президент бұл қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан үлкен өркениет орталығы екенін қадап айтты.
«Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан, Түркістан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық», – деп атап өтті Елбасы.
Шаһар облыс орталығы атанған 3 жылда көркі көз сүріндіретіндей болып құлпырып сала берді. Бұрын ат басын бірнеше рет бұрғандарды қойып, өмір бойы осында тіршілік етіп келе жатқан қала тұрғындар үшін де танымастай өзгерді. Апта сайын жаңарып, ай сайын көркейіп дамып жатыр. Қарап отырсақ, тарихи шешім жасалғалы Түркістан тек алға басып келеді. Айтарға аз уақыттай сезілгенімен атқарылған жұмыстар легі жетіп артылады. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынды. Осының барлығын ел тізгінін ұстаған президенттер мен өңір басшыларының еңбегінен, олардың көрегендігінен деп айтуға болады.
Облыс орталығы болғалы індет жағдайына қарамастан сақтық шараларды негізге ала отырып, қала аумағындағы барша құрылыс жұмыстары іркіліссіз, әрі тоқтаусыз жүріп жатыр. Қала тұрғындары үшін де бәрі қуанышты жағдай болып жатқаны белгілі. Осы кезеңде шаһардың инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, ескі жолдардың орнына жаңасы салынып, тар жолдар кеңейтіліп, жүргіншілер жолдары төселіп, көше бойындағы арықтар тазартылып, көше шырақтары жаңарып, барлығында өзгеріс болып жатыр. Бой көтеріп жатқан жаңа құрылыстардың көркі қала келбетін ажарландыра түсуде. Негізгі бас жоба бойынша 170-ке тарта жаңа нысан салу көзделген. Сол жобаларды орындау мақсатында 3 жыл бойы тынымсыз еңбектер атқарылып, бірқатары ел игілігіне беріліп үлгерді.
Түрленген Түркістанның көз ілеспес жылдамдықта қарыштап дамуына тікелей ықпал етіп, бақылап отырған Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев болса, өңір басшысы Ө.Шөкеев сол жұмыстардың жүйелі де жылдам әрі сапалы бой көтеруіне күнделікті құрылыстың басы қасынан табылып басшылық жасап келеді. Түркістанның құрылыс барысы тоқсаныншы жылдардың соңындағы елорданың құрылысынан кем болмай тұр. Ал аса ірі жобаларды жүзеге асыруда табандылық пен үлкен жауапкершілік қажет. Елбасы Н.Назарбаев Түркістанды аралап көрген соңғы сапарында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұмысына ризашылық білдіріп, оң бағасын берді.
Елбасымыз бен Президентіміздің орынды шешімі өз кезегінде барша түркістандықтарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Өйткені, Мемлекет басшысы айтқандай біз мұсылмандар үшін қасиетті болып саналатын қаланың атына лайық болуымыз керек.
Түркістанның тұрғылықты азаматы ретінде айтарым, облыс орталығы атанған күннен бастап көркейіп, түрленген Түркістанды көруге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, шетелден келушілер саны күннен күнге артуда. Тіптен олардың арасында бұрын қасиетті шаһарда тұрған таныс достарымыз, бауырларымыз қаншама. Олардың барлығы дамыған, өркендеген Түркістанды көргісі келіп, ынтығуда. Шынын айтайық, аптаның 7 күні бар болса, Түркістанның ғажайып келбетін тамашалауға 8 күнде аздық етуде. Адам танымастай өзгерген жаңа облыс орталығын көруге келген қонақтарға қонақжайлылық танытудамыз. «Сырт көз сыншы» дегендей еліміздің өзге аймақтарынан және алыс-жақын шетелдерден келген меймандар қашанда «Аяғына қарап, асын іш» деген ұстанымда болатынын естен шығармауымыз тиіс. Елбасының Түркістан жұртшылығына деген сенімін біздер ынтымағымызбен, өз мәдениетімізбен, қонақжайлылығымызбен ақтауымыз қажет. Сонда ғана көпшілік үшін қастерлі саналатын өңіріміздің ырыс-берекесі артады. Берекелі жердің халқы қашан да сый-құрметке лайық болары сөзсіз.
Иә, Елбасының бастамасымен бой көтерген қасиетті шаһардағы бірден бір мәдени ошақ «Конгресс-Холл» көпсалалы кешені екені даусыз. «Конгресс Холл» көпсалалы кешені Түркістан қаласындағы қазіргі заманға сай әлеуметтік-мәдени ошақтарының бірі, әрі бірегейі. Нақтырақ айтар болсақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамының тапсырысымен салынған ғимарат 2020 жылғы 28 қыркүйек күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылып, пайдалануға берілді. Содан бері біздің мекеме Түркістан шаһарының дамуына айтулы үлестерін қосуда. Атап айтсақ, тұрғындардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін хореография би үйірмесі мен гитара үйірмесі жұмыс жасайды, сондай-ақ, фитнес пен аэробика залдары бар. Еліміздің келешегі жас жеткіншектеріміздің бойына ұлттық сананы қалыптастыру және олардың ойын дамыту үшін балаларға арналған арнайы бөлме жұмыс жасайды. Осы аталмыш үйірмелер мен қызмет көрсету орындары жаңарған Түркістанның, киелі өлкеміздің тұрғындарының игілігіне қызмет етеді. Ендеше, түркістандық жасөспірімдер мен жастарды үйірмелер мен фитнес, аэробика залдарына шақырамыз. «Конгресс-Холл» көпсалалы кешеніне келемін деушілерге әрқашанда есігіміз ашық.
Алғаш рет «Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай, «Nur Otan» партиясының және ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұдан бөлек, облыс орталығының 3 жылдығына орай, мерекелік концерттік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еліміздегі орын алған пандемияның салдарынан, карантиндік шараларға байланысты іс-шараларға шектеу қойылып отыр. Алдағы уақытта қалыпты жағдай орын алса, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шаралардың барлығы дерлік осында өтетіні белігілі. Сондықтан бұл кешеннің қала тұрғындарына көрсетер мәдени жаңалықтары алдағы уақыттың еншісінде болмақ. Қаламыздың облыс орталығы болған мәртебесін асыру жолында аянбай еңбек етіп, ынтымақ-бірлігімізді арттыра түсейік дегім келеді.
Ғалымжан ЕРНАЗАРОВ,
«Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінің директоры.