- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Елі үшін, жері үшін еңбек еткен ерен тұлғалардың тұғыры қашан да биік, мәртебесі қашан да асқақ. Барлық саналы ғұмырын елдің игілігіне жұмсаған азаматтың бірі – Өскенбай Құлатайұлы ағамыз. Ол 1941 жылы 16 шілдеде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Бабайқорған ауылдық кеңесіне қарасты Мес-Ата ауылында дүниеге келген. Биыл 80 жасқа толған мерейтойын тойлағалы отыр. Ол кісінің еңбек жолы мен алған білімі көпшілікке үлгі, әдеби шығармашылық жұмыстары келер ұрпаққа өнеге.
1958 жылы бұрынғы Фрунзе ауданы Шорнақ селосындағы он жылдық мектепті күміс медальға, 1961 жылы Талғар ауыл шаруашылық техникумының зоотехника бөлімін қызыл дипломға бітірді. Алғашқы еңбек жолын 1961 жылы Түркістан ауданы, Абай колхозында мал тұқымын асылдандыру зоотехнигі болып бастаған. Өскенбай Құлатайұлы қай қызметте болсын, әрі істің көзін таба білетін, жауапкершілігі мол, адал адам ретінде көзге түсті. 1962 жылы қазақ политехникалық институтына түсіп, 1967 жылы жоғары оқу орынның «тау – кен инженері – маркшейдер» мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап, «Ащысай түсті металл комбинатына» жолдама алады. Комбинаттың «Байжансай» кенішінде бөлім маркейдері (1968 – 1972 жж.), аға маркшейдер (1976 -1974 жж.), шахта бастығы (1974 – 1979 жж.), кеніш басқармасының бас инженері, (1979 – 1985 жж.) сияқты жауапты қызметтерді атқарып, еліміздің тау-кен саласының дамуына өзінің сүбелі үлесін қосты.
1985-1986 жылдары Кентау қаласында комбинаттың қауіпсіздік техникасы бөлімінің аға-инженері, 1986-1991 жылдары «Мырғалымсай» кеніші бас инженерінің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары, 1991-1993 жылдары «Кентау» кенішінің бастығы қызметтерінде болды. Алған білімі мен тәжірибесін еңбек жолында тиімді пайдаланып, одан әрі биіктете түсті. Ол кісі 1993-1996 жылдары «Южполиметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігі бас директорының көмекшісі, «Ачполиметалл» АҚ-ның еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Өскенбай ағаның қызмет жолындағы асығы алшысынан түсіп, биікке көтерілгені еңбегінің адал, тиянақты атқарғандығынан деуге болады. Оның бойындағы қарапайымдылық пен кішіпейілділік, елгезек мінезі мен қиындыққа сабырмен қарайтындығы ұлағатты ұстаз болған ата – анасының тәрбиесімен келді деп айта аламыз.
1996-1997 жылдары «Стройтехнопроект» АҚ-ның Бас директорының орынбасары, 1997-2001 жылдары Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінде зертхана меңгерушісі, зейнеткерлікке шыққанға дейін, 2001-2013 жылдар аралығында ҚР Ұлттық Банкінің құнды қағаздар тіркеу саласында қызмет етті. Өскенбай Құлатайұлы өзінің әдеби шығармашылық саласында да атқарған қызметі сан алуан. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Түркістан халықаралық саяси апталық газетінің қоғамдық негізіндегі тілшісі, философия ғылымдарының докторы атанды.
Жоғарыда аталған қызметтерді абыройлы атқара жүріп, білім көк жиегіне өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Жарық көрген кітаптары: «Өмір өрнектері» (2001), «Сағым жылдар» (2006), «Анаға тағзым» (2007), «Игілік» (2007), «Бір әңгіме бір ділла» (2009), «Ата мешіті» (2009), «Замандастар» (2011), «Тағдыр» (2012), «Атың бар да жер таны» (2014), «Елу жылда ел жаңа» (2016), «Өмір жолы» (2012), «Жадымдағы жаңғырық» (2018), «Тарихи басқосу» атты көптеген кітаптарын қалың оқырманға ұсынды. Барлық кітаптар өз оқырмандарын тапты. Жинаққа кірген 6-ы, өңдеп баспадан шығарған 2-і шығармасы бар.
Халықтың қошеметі мен алғысын алған азаматты, мемлекет те өз тарапынан биікке көтерді. Алған марапаттары да марқайып айтарлықтай. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Кентау қаласына – 60 жыл» медалі, «Кентау қаласына – 65 жыл» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, «Батыр шапағаты» медалі, «Түркістан, Кентау қалаларының Құрметті азаматы» төсбелгісімен, «Признания» ордені, «70 лет победы в Великой Отечественной Войне 1941-1945» медалі, «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» медалі, «За службу Родине и особые заслуги» медалі және көптеген мақтау мен марапаттарға ие.
Әр кез жақсылықтың жаршысы болып жүрген Өскенбай аға елдің игілігіне жұмсалған істен қапы қалған емес. Сол істердің бірі 2008 жылы тамыз айында қасиетті Түркістан жерінде «Құлатай ата» мешітінің салынуының себепкері болып, бастамасын бастаған. Әкенің бастаған игі ісін ұлдары да қолдап, мұрындық болып, мешіттің салынуына атсалысып халықтың игілігіне ұсынып отыр.
Қазіргі таңда, Алланың берген үш ұл, екі қыздан он алты немере, сегіз шөберенің тәрбиесімен айналысып жүрген Өскенбай Құлатайұлы жүріп өткен жолы баршамызға үлгі. 80 жасқа келсе де елдің игілігі үшін әлі де қызметтер атқарып, жақсылық жаршысы болып жүр. Әр істің көзін тауып, биікке шыққан қарияға ұзақ ғұмыр, мол табыстар, биік белестер тілейміз!
Жандосбек СЕЙТБЕКОВ.