Түркістан және Кентау қаласының Құрметті азаматы, қарымы мықты қаламгер, өмір жолы ұрпаққа үлгі біртуар азамат – Өскенбай Құлатайұлы 80 жасқа толды. Мерейі асып, ел қошеметіне бөленген арда тұлғаның мерейтойы – елге ортақ.
Өскенбай Құлатайұлы – 1941 жылдың 16 шілдесінде қазіргі Сауран ауданының Мес-Ата ауылында дүние есігін ашып, онжылдық мектебін күміс медальға аяқтайды. 20 жасында Талғар ауыл шаруашылық техникумының зоотехника бөлімін қызыл дипломға бітіреді. Сол жылдары бұрынғы Түркістан ауданы, Абай атындағы колхозда мал тұқымын асылдандыру зоотехнигі болып қызмет етеді.
1967 жылы политехникалық институтта тау-кен инженері – маркшейдер мамандығын алып шығып, Ащысай түсті металл комбинатына жолдама алады. Осылайша кеншілік еңбек жолы басталады. Комбинаттың «Байжансай» кенішінде бөлім маркшейдері (1968-1972 жж.), аға маркшейдер (1972-1974 жж.), шахта бастығы (1974-1979 жж.), кеніш басқармасының бас инженері (1979-1985 жж.) болып қызмет атқарды.
1985-1986 жылдары Кентау қаласында комбинаттың қауіпсіздік техника бөлімінің аға – инженер, 1986-1991 жылдары «Мырғалымсай» кеніші бас инженерінің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары, 1991-1993 жылдары «Кентау» кенішінің бастығы қызметтерінде болды. 1993-1996 жылдары «Южполиметалл» ғылыми – өндірістік бірлестігі бас директорының көмекшісі, «Ачполиметалл» АҚ – ның еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1996-1997 жылдары Стройтехнопроект АҚ-ның Бас директорының орынбасары, 1997-2001 жылдары Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде зертхана меңгерушісі, 2001-2013 жылдары Ұлттық Банктің құнды қағаздар тіркеу саласында қызмет етті.
Дарабоз тұлғаның бұл тек кәсіби еңбек жолы болатын. Өмір жолы оны басқа арнаға бұрып әкеткенімен Өскенбай Құлатайұлы қолынан қаламын бір сәт тастамаған. Жазушы, журналист, әрі ақын азамат көзімен көргенін қаламды тербете отырып, қағаз бетіне түсіре білді. Тау-кен инженері-маркшейдер Өскенбай Құлатайұлының «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өмір өрнектері» және «Сағым жылдар» атты кітаптары оқырмандарды бей-жай қалдырмаған болар.
«Өмір өрнектері» кітабы естеліктер мен әңгімелерден және бозбала шағында жазған балаң жырлардан тұрады. Қаламгердің есімі оқырманға аса таныс болмаса да, шығармаларына арқау болған басынан өткерген оқиғалары өмірдің өзінен ойып алынғандықтан өте әсерлі, жеңіл оқылады. Аталмыш баспадан 2006-шы жылы жарық көрген «Сағым жылдар» кітабы алпыс жасқа толғанда шығарған алғашқы жинағының жалғасы іспетті. Мұнда да әңгімелер, жолжазбалар және жазған өлеңдері енгізілген. Сондай-ақ, өзі туралы жолдас-жораларының, жақын-туыстарының ізгі тілектері де топтастырылыпты.
«Клараның күнделігі» бөлімінен өмірден ерте өткен жары Клара Қалмолдақызының жазбалары арқылы ауылдағы қазақы салт-дәстүр туралы, қазақтың келіні болудың қасиеті мен қасіреті төңірегінде ой қозғап, ауыл мұғалімінің көкейкесті мәселелерін жан-жақты әрі шынайылықпен көрсетеді. Қазіргі жастарға, әсіресе, шалғайдағы мекендерге мұғалім боп баратын немесе келін боп түсетін бойжеткен үшін бұл шығарманың берері мол. Өскенбай Құлатайұлының 2007-2011 жылдарда жарық көрген «Анаға тағзым», «Игілік», «Бір әңгімем бір ділла», «Ата мешіті», «Замандастар» атты кітаптары оқырманның көңілінен шықты.
Коммунистік партия идеологиясының шарықтап тұрған кезі ХХ ғасырдың 60-70 жылдарымен тұспа-тұс келді. Көпшілік тек орыс тілінде сөйлеп, «КСРО-ның азаматы» атанды. Осындай қиын сәттерде намыс туын қолға алып, кеңестік саясатқа қарсы тұрған «Ащысай» түсті металдар комбинатының жігерлі азаматтарының істерін Өскенбай Құлатайұлы 2012 жылы «Тағдыр» атты жинағы арқылы оқырман қауымға ұсынады. Автордың негізгі мақсаты – ұлт азаматтарының атқарған істерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсету еді. Туындыда сол оқиғаларды көзімен көрген жандардың әңгімелері баяндалады. Ел ішінде атқарылған игі істерге ұйытқы болған Өскенбай Құлатайұлының бұл жинағы тәуелсіз еліміздің келешегінің кемел болуына үлес қосатын туындылардың бірі болды десек, артық айтқандық болмас.
Қаламгер Өскенбай Құлатайұлы журналистік жолжазбаларын, өлеңдерін, газеттерге жарияланған түрлі тақырыптағы мақалаларын және өзінің басынан өткен хикаяларын жинақтап «Атың барда жер таны…» атты құнды кітапты 2014 жылы жарыққа шығарған болатын. Бұл кітап автордың тоғызыншы туындысы еді. Өскенбай Құлатайұлының кезекті еңбегі оның сапарнамаларына арналған. Туған ел мен шет мемлекеттерді аралаған қаламгер көргенін, көңілге түйгенін қағазға түсіріп отырған. Жазбаларында әр жердің ерекшелігін, құпиясын, тарихын баяндай отырып, оқырманға «туған елдей ел болмайтынын» ұғындыра білген.
Өскенбай Құлатайұлы барынша ұқыпты, өмірге сергек қарайтын азамат. Әсіресе, шетелде – Поляк Халықтық республикасында туристік сапармен болған кездерін қызықты етіп баяндайды. Қаламгердің осы естелігін оқыған адам бұрын-соңды ол елде болмаса да болғандай, көргендей күй кешетіні шындық. Өскенбай Құлатайұлының бұл туындысы да оқырманнан оң бағасын алды. Жазушының 2016 жылғы «Елу жылда ел жаңа», 2018 жылғы «Жадымдағы жаңғырық» атты шығармалары, 2015 жылы жарық көрген «Арпалыс» деректі кинофильмін де ерекше атап өтуге болады.
Өскенбай Құлатайұлының 2017 жылы жарыққа шыққан «Письмо 43-х Кунаеву» атты еңбегі елдің назарынан тыс қалған жоқ. Ащы шындық пен шынайылық бейнеленген шығарма әдебиет сүйер қауымның талқысына да түсті.
Қаламгердің ақындығы да бір төбе. Әр жылдары жазылса да жырларынан белгілі бір жүйелілік, мақсат-меже байқауға болатындай. Тау-кен инженері Өскенбай Құлатайұлының шығармаларынан шынайылылық, нақтылық, дәйектілік сезіледі. «Техникумда оқыған жылдары (1958-1961) Өскенбай өлең жазып жүретін. Менің де ептеп өлең жазып жүретінім бар еді. Екеумізді осы өлеңге деген әуестігіміз де жақындастырып жіберген-ді. Техникумда бірге оқып жүрген курстастарымыздан бөлектеніп, бір-бірімізге қауырсыны қата қоймаған өлеңдерімізді оқып, рахаттанып қалатын едік», — деп еске алады бала кезгі досы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Шәймерген Әлдибекұлы.
Иә, Өскенбай Құлатайұлы қолынан қаламын бір сәт тастамаған жан. 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының, 2014 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. «Түркістан» халықаралық саяси апталық газетінің қоғамдық негіздегі тілшісі де болды. Өскенбай Құлатайұлы – Кеңес заманының қиын-қыстау кезінде тынбай еңбек етіп, 5 баланы ешкімнен кем қылмай өсірген ардақты әке. Бүгінде солардан немере мен шөберелер сүйіп отыр. Ардақты азаматты елі марапаттан кенде етпеді. «Мәдениет саласының үздігі» медалі, «Кентау қаласына – 60 жыл» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды. Тіпті көрші Ресей елі де Өскенбай Құлатайұлына құрмет ретінде «Признания», 1-дәрежелі «За службу Родине и Особые заслуги» ордендерін табыстады.
Түркістан және Кентау қалаларының Құрметті азаматы Өскенбай Құлатайұлының игі істерін айтып тауыса да алмайсың. Алайда ең сауапты ісінің басында 2008 жылы Түркістан қаласындағы «Құлатай» мешітін салуға мұрындық болу еді. Мешіт халық игілігіне берілгеннен бастап, ыстық ықыласты құлшылық орнына айнала білді. Елiне аянбай қызмет еткен, өмірін өлеңмен, көркем де шынайы шығармалармен өрнектеген Өскенбай Құлатайұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тiлеймiн.
Базарбай ӘМІРОВ,
Түркістан қаласының Құрметті азаматы.