ҚҰРБАН АЙТТЫҢ САУАПТАРЫ

29 көрілім

Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасы ғұламалар кеңесінің шешімімен 20-шілде Құрбан айт басталады. Мұсылмандардың ұлық мерекесі үш күн атап өтіледі. Құрбан айттың Ораза айттан айырмашылығы құрбандық шалынуында. Шамасы жеткен мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп.

Биыл да былтырғыдай онлайн және оффлайн құрбан шалу ұсынылып отыр. Ол үшін www.qurban2021.kz сайты іске қосылып, онлайн тапсырыс беру басталды. Бұл – елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты қабылданған шаралар.

Барлық мешіттерде карантин талаптары сақталады. Онлайн тапсырыспен алынған құрбандық малы арнайы қасапханаларда сойылып, еті мұқтаждарға таратылады. Көлік мәселесі шешілсе, тізім бойынша тексеруден өткен шын мұқтаждардың үйлеріне жеткізіп беру жоспарланған.

Құрбандыққа арналған мал бағасын қымбаттатпауын кәсіпкерлерден сұранамыз. Құрбандыққа жылқыдан басқа түліктің барлығы жарайды. Тек қой мен ешкі – 1 жасар, сиыр – 2 жасар, түйе – 5 жасар болуы тиіс. Ақсақ-тоқсақ, ен салынған мал құрбандыққа жарамайды.

Айт күндері құрбандықтың орнына садақа беруге болмайды. Егер атап қойған малын айт күндері шалып үлгермесе, айттан кейін сойып етін түгел таратып жіберу керек. Өйткені айт күндерінен кешіктірілсе, жай садақа санатына өтіп кетеді.

Құрбан айт намазы Түркістан облысы бойынша таңғы сағат 07:00-де оқу белгіленді. Жамағаттарды мешітке бетпердемен келуге шақырамыз. Ал, тұмауратып немесе дене қызуы көтеріліп, сондай-ақ жөтеліп жүрген жандарды көпшіліктің есендігі үшін мешітке келмей, үйде қалуларын сұранамыз. Құрбан айт – мұсылмандардың мейрамы. Сондықтан мерекелік көңіл-күймен қарсы алған абзал. Айт құтты, құрбандық қабыл болсын!

Еркебұлан ҚАРАҚҰЛОВ,

Түркістан облысының Бас имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары