АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУДА АЗАМАТТАРДЫҢ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ САҚТАУЫ ҚАЖЕТ

1  106 көрілім

25 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Түркістан облысында 181 ауыл округі бар. Бұл күні 63 ауылдық округтің 264 сайлау учаскесінде сайлау жүзеге асырылады. Сайлауда азаматтардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі сақталуы тиіс.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 25 маусымдағы №29 Қаулысына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі алгоритм бекітілді.
Алгоритмде көрсетілгендей, сайлау процесінің барлық қатысушылары: 1) бір рет қолданылатын медициналық немесе қорғаныш маскаларын тағу режимін сақтауы; 2) қолды дезинфекциялау үшін антисептикалық құралдарды пайдалануы; 3) адамдар арасында бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы; 4) қол алысуы немесе тікелей байланыстың басқа түрлерін болдырмауы қажет.
Сайлау алдындағы үгіт шараларын жүргізу кезінде келесі шектеулер сақталуы тиіс: сайлау алдындағы іс-шараларды телеарналар, радио, баспа басылымдары, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде жүргізу ұсынылады; сайлаушылармен кездесуді бейне конференц байланыс арқылы, ашық ауада алаңдарда немесе желдету үшін қарама-қарсы терезелермен, сондай-ақ антисептикалық құрал бар санитайзерлермен жабдықталған үй-жайларда өткізу керек; сайлау компаниясы үшін арнайы дайындалған иллюстрациялық материалдарды, жалаушаларды таратуды бір рет қолданылатын қолғап және қорғаныш маскасын пайдалана отырып жүзеге асыру қажет.
Дауыс беру күні ғимараттың техникалық мүмкіндіктері болғанда жеке кіру және шығу жолдары қамтамасыз етіледі. Дауыс беру үй-жайы желдету үшін терезелерді ашу мүмкіндігі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін жеткілікті мөлшерде кең болуы тиіс. Сондай-ақ, дауыс беретін күні жергілікті атқарушы органдар дауыс беруге арналған ғимараттың кіреберісінде: 1) КВИ ауруының симптомдары бар азаматтарды анықтау үшін байланыссыз термометрлер арқылы температураны өлшеу үшін медицина қызметкерлерінің немесе еріктілердің кезекшілігін; 2) сайлау процесіне қатысушыларда дене температурасының жоғарылауы (37°С-тан жоғары) және КВИ ауруының өзге де симптомдары анықталған жағдайда, оларды медицина қызметкерінің қарауы немесе жедел жәрдем бригадасының келуін күту үшін сайлау учаскесіндегі жеке үй-жайға оқшаулауды қамтамасыз етулері қажет.
Сайлаушы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конститутциялық заңының 41-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс көзделген үй-жайда дауыс беруге құқылы. Сайлау комиссияларының мүшелері, (сенім білдірілген адамдар, бақылаушылар) сайлау учаскесіне вакцинация паспорты болған жағдайда жіберіледі. Вакцинациялау үшін медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда тапсырған күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттің теріс нәтижесі болғанда жіберіледі.
Айта кету керек, сайлау учаскесінде дене қызуы жоғары (37°С-тан жоғары) және КВИ ауруының өзге де симптомдары бар, сондай-ақ үйде оқшаулау режимінің шарттары қолданылатын комиссия мүшелерінің және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың болуына жол берілмейді. КВИ бойынша карантинде болуына немесе емделуіне байланысты үйде оқшаулау режиміндегі сайлаушыларға шығу кезінде дауыс беру пәтерге (үйге) кірмей ұйымдастырылуы тиіс. Мұндай дауыс беруді байланыссыз тәсілмен, мысалы, баспалдақ алаңында (үй маңындағы аумақта) дауыс беруге қатысушыға дауыс беруге арналған бюллетеньді және үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтінішті беру, содан кейін одан өтініш алу және бюллетеньді тасымалданатын урнаға салу арқылы өткізуге болады.
Дауыс беруге арналған бюллетеньді алғанға дейін қатысушы маска тағып, қолын антисептикпен өңдеуі тиіс. Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін дауыс беруге арналған үй-жайға толық дезинфекция жүргізу ұсынылады. Сондай-ақ, сайлау учаскесіндегі қатысушыларға да қойылатын талаптар бар, нақтырақ айтсақ, байқаушылар және БАҚ өкілдері вакцинация паспортын немесе тапсырған күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттің теріс нәтижесін көрсетуі тиіс. Сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін жауапкершілік іс-шараларды ұйымдастырушыларға жүктеледі.
Асқар ЫСҚАҚОВ,
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы