САТТАР ТАНЫМЫНДАҒЫ СУРЕТ ӨНЕРІ

788 көрілім

Өнерлі болса да, болмаса да пенде біткен бұл жалғандағы тіршілігін жасай береді. Өнер – қашаннан халықтікі. Сөз – С.Ерубаевтың сурет өнеріне байланысты жазылған шығармалары жайлы.

С.Ерубаев өткен ғасырдың 30-жылдарындағы өз замандастары секілді, жан-жақты білім жинаған, өте білімді жазушы. Тар шеңберде қалу – жазушымын деген жанның білімсіздігін, өресіздігін көрсететін еді ол кезеңдерде. Сондықтан жазушы болсын, болмасын, кез-келген адам жанын салып, білім жинауға тырысатын. Жиған білімін мақтан үшін емес, өмірде тұтыну үшін, «жастарға үлгі бермек үшін» жинайтын.

Сонымен, Саттар сурет өнері жайлы не жазды және қалай жазды? Саттардың таза сурет өнері жайлы жазған «Өмір көркемдігі» деген шағын ғана әңгімесі бар. Осында Саттардың сурет өнеріндегі өзіндік танымы, сыни көзқарасы, құндылықты бағалауы, саралауы – барынша айқын көрініс тапқан. «Өмір көркемдігін» оқығанда, бәлкім, Саттардың өзі де, Шоқан секілді, аздап сурет салған болар деген ой келеді. Өйткені шығарманы жазушы емес, дәп бір суретшінің нақ өзі жазып отырғандай әсер беретіні бар.

Жастықтың жалынына орап жазылған бұл шығармада – автор жалпы сурет өнеріндегі бірізділіктің бұрыстығын, қайталаушылықтың қиыстығын қисынға сала отырып, төтесінен ой тербейді. Сурет жайлы жаза отырып, Саттар өзі де сөзбен сурет салған. Шығармада Дәмелі деген қыз былай дейді: «Осы суретшілердің барлығы да натюрморт деп, өлген қоян, құсты, үзілген алма, нәкті, жарылған қауынды көрсетеді. Шын суретші болсаң, әлі үзілмеген, жарылмаған, ағашта тұрған жемісті, өлмеген, өмір сүргісі келетін, өліммен күрескен аңды көрсетші. Адамның өзі де өмірмен адам емес пе?».

Кейіпкердің бұл сөзінен біз Голланд суретшісі Винсент Ван Гогтың суретші досына: «Сенің суретіңде жан жоқ, өлі. Ал менің суретімде жан бар», – деген сөзін еске аламыз. Расында картина деген – қозғалмайтын, қатып қалған зат қой. Бірақ біз бұдан, салынған сурет – көрушіге қозғалып тұрғандай әсер беруі және ойға қозғау салу керек деген ойдың жатқанын аңғарамыз. Ван Гогтың суреттерінің бәрі – бір қарағанда аздап қозғалғандай, қимылдағандай әсер береді. Осы тұрғыдан келгенде, Саттардың ойы – ұлы суретші Ван Гогтың ойымен астасып жатқанын және оның өнер туындыларымен етене таныс болғанын бағамдаймыз.

Сонымен қатар, С.Ерубаевтың «Төрт қыз» деген қысқа әңгімесінде де сурет өнерін тілге тиек етеді. Онда: «Менің ойыма атақты Варбизон тобынан шыққан, франуз суретшісінің «Батыл әйел» деген суреті түсті. Ол былай еді: …Толқыған теңіз. Кішкене қайықтағы жалғыз әйел. Түпсіз, шексіз толқын… алыста, көкжиекте бұлттар. Толқын қайықты қисайтып аударуға тақалған. Әйел қисайып құлап бара жатқан қайықты есіп бара жатыр. Түсінде бір тамшы да қорқыныш белгісі жоқ. Көзі аларып кеткен, бірақ бұл үрейі ұшқандық емес, бірбеттілік, батырлық…» – деген жолдар бар.

Мұндағы «Варбизон» деген – сурет өнерінің «импрессионизм» ағымы пайда болған Франциядағы қалашық атауы. Ал «импрессионизм» – өмірді әсерлі, өздерінше, ерекше етіп салуға талпынған суретшілер тобы дүниелерінен қалыптасқан ағым түрі. Жоғарыда атап өткен Ван Гог та осы ағымның өкіліне жатады. Көрдіңіздер ме? Басқа саланы айтпағанда, біз келтірілген мысалдардан Саттардың бойында сурет өнері жайлы көл-көсір білімнің нәрі жатқандығын байқаймыз.

Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ,

С.Ерубаев атындағы музейдің қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы