ЕЛОРДА – ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЛІГІ

843 көрілім

6 шілде – Нұр-Сұлтан қаласының туған күні. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мемлекет астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірілген болатын. Ақмолаға атауын «Астана» деп өзгертті. Жаңашылдық мен жасампаздықтың көрінісі болған бас қала 2019 жылдың 20 наурызынан бастап ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен, осы жолда маңдай терін төге отырып, елеулі еңбек еткен Елбасының есімі, «Нұр-Сұлтан қаласы» болып өзгерді.

Ерекше мереке – елорданың туған күні бас қаланың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуінің өзіндік мәні бар. Президент идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Нұр-Сұлтан қаласы қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан тек елордалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына, сүйікті қаласына айналды.

Елорданың өркендеуі – Елбасының және барша Қазақстан халқының еңбегі. Еліміздің барлық өңірі Нұр-Сұлтан қаласының өркендеуіне үлес қосты. Бүгінде бас қаламыз барша жұртымыздың ынтымақ-бірлігінің символына айналды.

Елорда – еліміздің жүрегі. Мемлекетіміздің жарқын болашағына жол ашатын тағдырлы шешімдер осы жерде қабылданады.

Біздің елордамыз – Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Сәулеті мен сәнін естіген адам бір көруге ынтық болып жүрген дүниежүзілік шаһарлардың деңгейіне жетті. Олай болса, әлем астаналары арасында лайықты орын алатын елордамыз күннен күнге гүлденіп, көркейіп, мемлекетіміздің күші нығая берсін демекпін!

Ж.ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы