САРЫАРҚАНЫҢ ТӨРІНДЕ ТҮРЛЕНГЕН ШАҺАР

744 көрілім

Көк аспанда көк байрағымыз желбіреп, егеменді ел атанғалы биыл отыз жыл. Осы уақыт ішінде мақтан етер ісіміз бен жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес. Еліміздің экономикасы өркендеп, саяси жағдай қалыптасып үлгерді. Тіпті даңғыл жолдарға бет алып барады. Тұтас қазақ еліне атақ пен даңқ бірдей қонып жатқаны жасырын емес. Біздің білетініміз жаһандық көшке ілесіп өзінің сара жолымен келе жатқан мәңгі еліміздің өркендеуі – таңғажайып ертеңі мен шуақ шашып тұрған нұрлы болашағы…

Елбасының кемеңгер ой мен ұлы бастамашылдығының арқасында шаңырақ көтерген қала бәрімізге таныс. Оның сұлулығына, әсемдігіне, дүниенің үздік сәулет өнерін тоғыстырған көрінісіне таңғалмаған адам жоқ болар. Бәрімізге таныс мекен, ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы.

Бұл қала – тәуелсіздік сыйлаған бақ. Еліміз жеткен жетістіктердің ең үздігі қатарынан орын алады. Қаншама қарапайым еңбек адамдарының табан-ет маңдай тері төгілді. Қиялы жүйрік сәулетшілердің, басқа да сала мамандарының ақыл-ойы сарып болды. Әрбірі ерекше қаланың өзгеге ұқсамайтын келбетін жасауға барын салды. Ақиқаты ешкімде еш нәрсені аямады. Бар ынта пейілімен, бар махаббатымен жұмыс атқарды. Алғашында аңыз ұқсап, болмаса ертегілерде айтылатын дүние секілді елестеген, азы сенім білдірсе, көбі үмітсіздікпен қараған шаһар уақыт ұлы емші екенін тағы бір дәлелдеді. Тартыс пен талас ішінде арпалыса жүріп әлемдік ірі қалалармен иық тіресер елордамыз бой көтерді.

Содан бері жиырма үш жыл өтті. Осы жылдар ішінде қазақ елінің атағын аспандату жолындағы қаланың рөлі жоғары болды. Олардың ішінде әр түрлі жиындар, саяси жағдай үшін жасалынған келісімдер, ЭКСПО, экономикалық түс алған кездесулер секілді толып жатқан іс-шаралар өткізілді. Барлығында шаһардың көшбасшылық орында болғанын мақтанышпен айтуға болады.

Тарих тұрғысынан бабалар аманатының орындалуы болып саналған тарихи шешімнің дұрыс болғандығы бәрімізге белгілі. Бабаларымыз қасықтай қанымен қорғаған ежелгі Сарыарқа төрінде бағаналы орда салу тарихтың қажеттілігі. Ат тұяғымен әлемді дүр сілкіндірген ежелгі көшпенділердің заңды мұрагері болған қазақ елінің бағзы жұртта әйгілі қала тұрғызуы, осы арқылы орынын бекемдеп, беделін асырып, абыройын тіктеуі орынды. Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің мақтанышы екенін, осы қала күнін мереке етіп тойлау маңызды екені белгілі. Анығы қала күнін шын жүректен құттықтай отырып, ел даңқы арта берсін деген тілегімді жеткізгім келеді.

Д.ЖАМБОЛОВА,

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы