ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛАДЫ МА?

679 көрілім

Түркістан облыс орталығы болғалы қоғамдық орындардың да қызметіндегі жауапкершілік еселенді. Қаламызға келушілердің көбеюіне байланысты кафе, ресторандарға да сұраныс артқан. Әсіресе фас-фуд өнімдерін сататын дүңгіршектерді қаланың кез келген жерінен табуға болады. Десе де қоғамдық орындардың қызметі халықтың көңілінен шыға ма деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Қазақ халқы ертеден тойшыл қауым болғандықтан, үнемі қуанышын көпшілікпен бөлісіп отырғанды ұнатады. Бұрындары үйге, болмаса аула ішіне отбасылық дастарқан жайып тойлайтын жиындарды бүгінде кафе, ресторандарда атап өту әдетке айналған. Алайда карантин салдарына байланысты үлкен тойларға тыйым салып, тойханалардың дәурені тоқтап тұр. Десе де кішігірім кафе, ресторандардың жұмысы қыза түскен. Осы орайда, қаланың орталығында орналасқан біраз дәмханалар мен фас-фуд өнімдерін сататын орындарға ат басын бұрып, бағаларын салыстырып көрдік.

Алғаш болып фас-фуд өнімдерін сататын базардағы сұранысқа ие орындарға бардық. Келушілердің көбі жастар. Тіпті күннің ыстығына қарамастан есік алдында кезекте тұрған орындарды да көзіміз шалды. Фас-фуд сататын орындар қаншалықты көп болса да, бәрі сұранысқа ие. Бағаларын салыстырып көргенімізде бүгінде жастар «донер», «лаваш» деп атайтын тағамның 650 теңгеден басталып, 800 теңге аралығында екенін байқадық. Ал, «гамбургер», «бургер» тағамдары 600 теңге мен 790 теңге аралығында, «қуырылған тауық аяқтары» (чикен) 1490 теңгеден басталып – 2090 теңгеге дейін, «пиццаның» бағасы 1290 теңге мен 1990 теңге аралығында. Бағадағы айырмашылық фас-фуд өнімдерінің дүңгіршектер мен арнайы отыратын орны, келушілерге көрсетілетін қызметіне байланысты. Келушілерден қоғамдық орындардың қызметіне деген пікірін сұрадық.

– Көпшіліктің ыстық тағамға қарағанда, тез дайындалатын тағамдарға сұранысы артқан. Мен үшін де түскі үзілістің тығыздығына байланысты фас-фуд өнімі ыңғайлы, әрі тойымды. Бағасы да көңілімнен шығады. Әрине, үнемі тек осы тағамдарды жей бермеймін. Кейде әсіп, кәуап, асханалардан ыстық тағам да ішемін. Ең арзан түсетіні – әсіп. Ал әр жердің қызметі әр түрлі. Асханалардың тазалығына көңілім тола бермейді, себебі отыратын орны лас, ыдыстары сынық болса да адамға қызметін ұсынады. Ақша төлеп отырғандықтан дұрыс қызмет еткенін қалаймын. Жұмыста болғандықтан үнемі түсте үйге барып тамақтануға мүмкіндік бола бермейді. Ал үнемі дәмхана, кафе, ресторандардан тамақ іше беруге біздің қаланың тұрғындарының қалтасы көтереді деп ойламаймын, – дейді қала тұрғыны Нұржан Тілеуов.

Сонымен қатар, ыстық тағамдардың да түс уақытында сұранысы артады. Қарапайым базар маңындағы асханалар мен арнайы орындардағы дәмханалардың бағасында айырмашық баршылық. Асханаларда ыстық тағамның құны 500 теңгеден басталып, 750 теңгеге дейін болды. Бағаларда не себепті бұндай айырмашылық барын асхана иелерінен сұрағанымызда жалдау бағасының қымбаттауы себеп екенін жеткізді. Алайда асханалардың ішіндегі қызмет Нұржан Тілеуовтың айтқанына дәлел бола алатындай. Сынған ыдыстарды былай қойғанда, адамдардың отыруына ыңғай жасалмаған. Жақында ғана өзіміз 650 теңгеге түстенген асхананың ыстық тағамдары 750 теңгеге өскенін байқадық. Оған себеп – азық-түлік бағасының күрт шарықтауы. Ал, келушілерге барынша жағдай жасалған, жеке даяршы қызметі мен желдеткіш қосылып, отыратын орындарында жайлы етіп жасаған дәмханалардан бұл бағаларды көзіміз шалмады. Бұл орындардағы ыстық тағамның бағалары 800-850 теңгеден басталып, көлемінің үлкендігіне байланысты (4-6 адамға арналған үлкен табақтағы тағам) 10 мың теңгеге дейін екенін көрдік. Қысқасы, ақшаңыз болса дәмді ас та алдыңызда деген сөз. Сонымен қоса, бүгінде халықтың сүйікті асына айналған кәуаптың да бағасы базар маңында 390 теңге болса, дәмханаларда 450-490 теңгеден. Біз қымбат деп отырған орындардағы келушілерді әңгімеге тарттық.

– Иә, келушілерге жағдай жасалған орындардың қымбаттау екені рас. Десе де кейде отбасымызбен, әріптес-достарымызбен келіп көңіл көтеруге болады. Кішігірім отырыстар, туған күндерді осындай кафелерде өткіземіз. Бағалары әр жерде әртүрлі болса да халық өзіне қызметі ұнаған жерге ғана тұрақты тұтынушы болады. Ал үнемі кафе-ресторандарда тамақтану мүмкін емес. Қызметі жағынан да барлық қоғамдық орындарды бірдей деп айтуға келмейді, – дейді Айжан Бектасова есімді қала тұрғыны.

Қызметіндегі айырмашылық пен қоғамдық орындардағы қымбатшылыққа қарамастан қай жерге барсаңыз да тамақтанып отырған адамдарды байқауға болады. Халықтың қалтасы көтермейді деген кафе-ресторандардың да өз келушілері бар. Десе де қазақтың «көрпеңе қарай көсіл» дейтін сөзі осы тұста айтылып, халықтың әл-аухатын екіге бөліп тұрғандай көрінді. Бағасы арзан болғанымен, қоғамдық орындардың тазалығы мен қызметіне көңіл бөлу керек сыңайлы. «Асым арзан» деп, қалай болса солай қызмет етуге болмайды. Себебі, 5 теңге болса да халықтың бейнетімен тапқан қаржысына жұмыс жасап отырғандығын ескерсе екен деген ой түйдік.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы