Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.
Ал, мемлекеттік қызметшілердің адал және тиімді жұмысы еліміздің дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өзінің тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортада адамдармен ортақ тіл табысуда және кез-келген ортада үлгі болуы тиіс. Бұл – біздің еліміздің мемлекеттік қызметшіге қойған нақты талаптары.
Біз 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай жас мемлекеттік қызметші, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік идеологияны насихаттау және рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы Қалеке Марат Ержанұлын әңгімеге тарттық. Айта кетейік, Қалеке Марат Ержанұлы 1993 жылдың 8 шілдесінде Сауран ауылында туған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің экономика факультетін 2015 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2016 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2019 жылдың қараша айынан қазіргі күнге дейін Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының бас маманы болып жұмыс атқаруда.
Университет қабырғасында студент кезінде қоғамдық іс-шаралар мен жарыстарға белсене атсалысып, университет ректорының алғыс хаттарымен және үздік дипломмен марапатталған. Мемлекеттік қызмет жолында белсенді мемлекеттік қызметкер ретінде Түркістан қаласы әкімінің Құрмет грамотасын, Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының алғыс хаттарын иеленген.
Ендеше, жас мемлекеттік қызметшінің өзін тыңдасақ: – Алғашқы еңбек жолымды 2016 жылдың 19 сәуір күні Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінде бас маман міндетін атқарушы қызметінен бастадым. Міне осылай, 2016-2019 жылдар аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бас маман міндетін атқарушы, бас маман, жетекші маман қызметтерін атқардым. Ал, 2019-2021 жылдар аралығында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы, 2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап аталмыш басқарманың мемлекеттік идеологияны насихаттау және рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келемін.
Бүгінде мемлекеттік қызмет атқарып келе жатқаныма 5 жылдан асты. Алғашқы еңбек жолымды Бақытжан Кеңесбекұлы басқаратын Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінен бастап, еңбек тәжірибесінен өтіп шыңдалғанымды ешқашан ұмытпаймын. Бұл жұмыс маған тәжірибе жинауға, жауапкершілікті арттыру, шешім қабылдауды үйрену, ұқыптылық, мұқияттылық секілді қасиеттерді дамытуды үйретті. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет баға жетпес тәжірибеден бөлек, өзімнің көптеген жеке қасиеттерімді дамытуға, ал ең бастысы, мені күнделікті жақсылыққа ұмтылдыратын әріптестер арасында достар мен тәлімгерлер табуға көмектесті.
Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету мен үшін үлкен мақтаныш және абырой деп білемін. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі бізге байланысты. Бір сөзбен айтқанда, билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиісті. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап етілетіндігі анық. Менің ойымша, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларын қатаң ұстанғанда ғана елдің ертеңі нұрлы болады.
Мемлекеттік қызметте жүріп өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ. Мен мемлекеттік қызметкер ретінде өзіме артылатын жүк пен жауапкершіліктің жоғары екенін білемін. Осыған орай, бойымдағы бар білімім мен тәжірибемді пайдалана отырып, өз міндетімді адал, абыроймен атқаруға тырысамын. Мемлекеттік қызмет деген менің түсінігімде – Отанға қызмет ету. Жас мемлекеттік қызметкер бола отырып, елімнің алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре алуына қызмет етіп жүргеніме, өзімнің тамшыдай болсын септігімнің тиіп жүргеніне қуанамын. Барлық әріптестерімді 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, атқарып жатқан жұмыстарына табыс, мемлекетіміздің көркеюіне бірге үлестерімізді қосуға шын жүректен тілектеспін, – дейді Марат Ержанұлы.
Иә, мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік, біліктілік пен үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн. Қазақта жиі айтылатын «наныңды адал тауып жеу» қағидасы осыған саяды.
Ендеше, нағыз қайнаған қазан ортасы мен халықпен тығыз байланыс орнататын ордада қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді төл мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тілейміз.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».
