МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ҰЛТТЫҒЫМЫЗДЫҢ НЫШАНЫ

700 көрілім

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Қазақ елінің тарихына жүгінсек, ата-бабаларымыз туын марқая, мақтана  тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да туды төмен түсірмеген. Міне, осындай мемлекеттік нышанға деген құрметті үлгі ете отырып, жастарға насихаттау, отансүйгіштік сезімін жоғарылату – баршамыздың отан алдындағы борышымыз.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні  және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаћармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Елбасының Жарлығымен 1992 жылғы маусымның 4-інде тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды. Осы 29 жылда Қазақстанның байрағы әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінде желбіреп тұр.

Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Кез келген ел тәуелсіздігін, оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Мемлекетіміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда және бүкіл республика аумағында елдің елдігін танытатын, отаншылдық пен патриоттық рухты оятатын, әр жүректе мақтаныш сезімін тудыратын нышандар өз дәрежесінде көрініс тауып отыр. Мемлекеттік рәміздердің зор тәрбиелік мән мағынасы бар. Сонымен қатар, ұлттық патриотизмді және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі, орны ерекше екені даусыз. Қала көлеміндегі үлкенді-кішілі айтулы ресми шараларда жиналған көпшілік мемлекеттік Әнұранды қолдарын жүректеріне қойып тұрып, бірге шырқайды. Бүгінде қала аумағында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап,барша қазақ елінің мемлекетіміздің рәміздеріне деген құрметі ерекше және оны жан-тәнімен сезінеді.

2005 жылы елімізде халықтық жаңа Әнұран қабылданды. Бабалардың ғасырлар бойғы арманы – «Менің Қазақстаным» деген құдіретті әуен елімізді ұлы болашаққа асқақтатып әкетті сол кезде. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Біз, Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары бұл күндері бүкіл еліміз болып сүйікті Әнұранымызды ерекше шабытпен шырқаймыз. Туымыз бен Елтаңбамызды мақтан етеміз. Біз болашақта бұдан да бай, қуатты елде өмір сүретінімізге сенімдіміз. Бәріміздің жүрегіміз Отан деп соғып, тәуелсіздік туы желбірей бергей. «Менің Қазақстаным» атты ұлы Әнұран әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндейді. Қазақ елінің Мемлекеттік Туын асқақтатып, бүкіл әлемге танытуда келер ұрпақтың, жастардың үлесі жоғары болатынына сенімім мол.

ҚР Мемлекеттік Рәміздері туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» – деген болатын. Ендеше, осы мақсатта ел болашағы жастарымыздың бойына елдік белгілерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіру барша халық алдындағы тұрған зор міндет деп білемін.

Бақытжан БУКЕБАЕВ,

Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары