- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
28-маусым – «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің мерекесі, яғни біздің ұжым үшін атаулы күн. 90 жылдық тарихы бар «Түркістан» газетінің әр парағы осы ұжымның бірлігі мен ынтымағының арқасында апта сайын оқырманға жол тартуда. Осы орайда, ғұмыры ғасырға жуықтаған редакция жайлы жазуды жөн көрдім.
Оқырманды рухани дүниелермен сусындатып, апта сайын жаңалықтарды жедел жеткiзуге тырысатын қалалық «Түркiстан» газетi 90 жылдық тарихты артқа тастады. Сонау 1930 жылғы 4 қазанда «Қызыл Түркiстан» деген атпен iргесi қаланып,1962 жылдан бастап «Коммунистiк еңбек» болып, тәуелсiздiк алғалы «Түркiстан» атауымен жарық көрген газет қала шежіресінің қайнар бұлағы болды.
Алғашқы редактор Жақан Сыздықовтан бастап газеттi 90 жыл iшiнде 18 редактор басқарыпты. Атап айтсақ олар: Е.Оразов, Жақсылықов, Ә.Есқараев, Ә. Бердәулетов, Ғ.Тиесов, И.Уахитов, У.Қабылбеков, М.Қарабалаев, Ә.Жолдыбаев, Б.Егембердиев, Ә.Әбдiсаттаров, Т.Мырзахметов, Ә.Көпбаев, С.Дағмырзаев, Б.Нұржанов, А.Оспанов.
2017 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi Мәлiк Дәулетов «Түркiстан», «Туркистон» газеттерiнiң директор-редакторы қызметiн абыроймен атқарып келедi.
Бұл басылымда кезiнде қазақ халқының ұлт руханияты мен әдебиетiне қызмет еткен талай атпал азаматтар еңбек еттi. «Түркiстан» – отандық журналистикаға елеулi үлес қосқан басылым ғана емес, қазақтың талай майталмандарын шығарған киелi орда, қарашаңырақ. Олар – есiмдерi ел есiнде мәңгiге сақталған белгiлi журналист, бiрнеше кiтаптың авторы Нұрмахан Оразбеков, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаев, талантты журналист Әбдiсал Тәкiбаев, журналист әрi ақындар Мәмедәлi Әшiрбаев, Аманкелді Досжанов және т.б. Сонымен қатар, ақын Темiрхан Медетбеков, журналистика саласының майталманы Қуандық Оразбек, «Хабар» телеарнасында қаншама жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған Тiлеуқабыл Мыңжасаров осы қарашаңырақта алғашқы еңбек жолын бастаған қырандар.
Міне, осындай таланты тұнған тарландарды тәрбиелеген газетте жұмыс жасау бақыты мағанда бұйырыпты. Бұл ұжыммен бірге жұмыс жасап жатқанымызға көп бола койған жоқ. Осы жылы жарық көрген 25 санның 20-сында менің де үлесім бар. Аз уақыт ішінде бұл ортаға да үйреніп, бір отбасындай болып кеттік. Бала күнінде тілші болуды армандамаған адам аз шығар. Солардың бірі – мен. Айнаның алдына тұрып, қолыма ілінген затты диктафон етіп, талай беделді адамдардан сұқбат алатынмын. Бүгінде осы арманым газетпен бірге шындыққа айналып келеді.
Оқу орнын бітіргелі жасап жатқан алғашқы жұмысым. Ең алғаш келгенімде жұмысқа қабылдау үшін директордың алдына кіру керек болды. Директор десе дір ете қалатын әдетіміз ғой, аяғымның ұшымен ғана бөлмесіне қорқынышпен кірдім. Салмақты ғана дауыспен газеттің директор-редакторы Мәлік Дәулетов өзім жайлы жан-жақты сұрап, орынбасары Ләззат Сарыбаеваға тапсырма беріп, 10 күндік сынақ мерзіммен қабылдады. Сол күннен бастап, осы уақытқа дейін ұжымның маған көрсеткен қолдауы мен әрбір жұмысты жасаудағы жәрдемі ұшан-теңіз.
Газет беттері дайындала бастаған күннен, басылып шыққанша атқарылатын жұмыс көп. Бір қарағанда жазсаң тірлік біте салатындай көрінгенімен, газетке шыққан мақаланың әрбір әріпінде жауапкершілік бар. Ұжымда бірлік болу үшін білікті басшы керек. Директор-редактор Мәлік Дәулетовтың біліктілігі мен білімінен бөлек, қарапайымдылығына ризамын. Халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, ел игілігіне жұмыс жасап жүрген азамат. Бетке дайындалған әрбір мақаланы оқып, кемшіліктері мен жетпей тұрған тұстарын көрсетіп, сапалы дүниелер жазуға септігін тигізіп келеді.
Осындай жауапкершілігі мол редакцияға 30 жыл ғұмырын арнаған Ләззат Сарыбаеваның ұжымдағы орнын атап өтпеуге болмас. Өзінің білімі мен жан жақты ізденісінің арқасында бір беттік мақаланы қиналмай жазып шыққанда таң қалатынмын. Өйткені біраз жиналыстарға барып, 100 жолдық ақпаратты дайындау үшін бір күнім кететін.
Сонымен қатар, білетінінен білмейтіні көп мен үшін қазақ бөлiмiнiң меңгерушiсi Қуаныш Тасыбаевтың көмегі үлкен. Мақалаларым бұл кісінің көмегінсіз жазылмайтындай. Талай жеріне түзету енгізіп, қолынан келген жәрдемін аяған емес.
«Туркистон» газетінің басылып шығуына жауапты өзбек бөлiмiнiң меңгерушiсi Райымжан Әлiбаев жайлы да тоқтаусыз жазуға болады. Біз бір мақаланың соңында жүргенде, әуелі мақалаларын қазақша газетке дайындап, кейін өзбекшеге аударады. Өзбек бөлімінде небәрі екі адам ғана қызмет етеді. Аудармашы-корректор Рузиахун Мадалиев екеуі бір аптада бір газеттің бүкіл жұмысына жауапкершілікпен қарап, басылып шығуына еңбек етуде.
Мақалаларды бетке түсіріп, дизайны мен әрбір нүктесінің дұрыс орналасуы компьютер орталығының жетекшiсi Мамыржан Нәбиевтің міндетінде. Апта басталғаннан бейсенбі күнге дейін компьютерден бас алмай, газетті басылымға жібереді.
Кез келген ортада өзіңмен қатар адамның болғаны маңызды. Осы орайда хатшы Айнұр Шарасулованың мен үшін орны бөлек. Жұмыс барысында кез келген істі бөлмей, бір-біріміздің кем-кетістіктерімізді толықтырып, әр жұмысты бірге атқаруға тырысамыз.
Ұжымда журналисттер ғана емес, есепші Асқар Абдраймов пен кiшi қызметкер Марина Колхозовалардың да елеулі орны бар.
Журналист болған соң кез келген ортаға барып сіңіп кетуің керек. Бұрын соңды жұмыс жасамаған мен үшін бұл қиын көрінетін. Алайда, алғашқы жұмысымның осындай ортада бастау алғанына қуанамын. Осы уақытқа дейін «мен басшымын», «мен бөлім меңгерушісімін» деп мансаптарын алға тартқанын көрген емеспін. Керісінше, керек жерінде әзілді де айта білетін, қолынан келсе көмегін де аямайтын ауызбіршілігі мықты, ынтымағы жарасқан ұжым менің отбасыма айналды.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халықтың игілігіне жұмыс жасап отырған өз ұжымымды төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, жұмыста шығармашылық табыстар тілеймін.
Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.