ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ, КӨҢІЛІ ДАРХАН ДҮЙСЕКЕҢ

1  177 көрілім

Өткен ғасырдың орта тұсында Түркістанда журналистика саласына бет бұрған жастар қатары артып, шығармашылықпен айналысатын бір топ жас буынның ел игілігі жолында қызмет еткені рас. «Түркістан» газетінің сарғайған парақтарын ақтара отырып, Балтабай Нұржанов, Сырым Дағмырзаев, Асан Оспанов, Қаныбек Сарыбаев, Темірхан Медетбеков, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Мәмәдәлі Әшірбаев, Ермахан Шайықұлы, Нұралы Дүйсекеев, Шамырза Мадалиев сынды қаламы ұшқыр журналистердің жазған мақалаларын жиі кездестіруге болады. Бүгін сол атын атап, түсін түстеп отырған жандардың қатарына талай жылдар бойы журналистика саласында тер төккен ауылдасым, әріптесім, рухани ағам Дүйсенбек Жұмабаев туралы сыр шертуді құп көрдім.

Түркістанның қарашаңырақ басылымы киелі қаланың жылнамасын жазып келе жатқанына биыл 90 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында аталмыш басылымда қаншама қаламгерлер тер төгіп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуде аянбай еңбек етті. Дүйсенбек Төлегенұлы адал еңбегімен, ақ пейілімен осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» қаламгер десек болады. Ол 1953 жылы бұрынғы Фрунзе ауданының Егізқара елді мекенінде дүниеге келді. 1970 жылы «Қызыл әскер» орта мектебін тәмамдап, 1971-1973 жылдары Кеңес әскері қатарында борышын атқарды. Еңбек жолын «Ленинизм» ұжымшарында қарапайым жұмысшыдан бастап, ауданда құрылысшы, Шымкент қаласында «пресс автомат» зауытында құрастырушы қызметінде болды. Жастайынан сөз бен тілге шешен, жазуға бейім болған Дүйсекең сол кездегі «Коммунистік еңбек» газетіне мақалалар жазып тұрды. Газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде ауыл мен қала төңірегіндегі проблемаларды көтерді. Тіл жанашыры болған Дүйсекең осындай еңбекқорлығының арқасында кейіннен қалалық «Қазақ тілі» қоғамына төрағалық қызметке сайланды. Жай сайланып қана қоймады, сол жұмысты өз дәрежесінде жандандырды, қаладағы тіл мәселесіне қатысты өзекті проблемаларды көтерді. Керек десеңіз жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойларын ұйымдастыруға бастамашыл болды. Әрине, жұмыс болған соң қиыншылықтар да кездесетіні анық, соған қарамастан табандылығы мен жұмысына жанашырлығы көптеген мәселелерді оп-оңай шешімін табуына ұйытқы болды. Дүйсекең осы екі аралықта қалалық мәслихаттың 3 шақырылымдағы депутаты болып сайланып, халық сеніміне ие болды.

Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында қаладағы «Түркістан тынысы» телеарнасы ашылып, оның директоры болып тағайындалды. Осы жылдары тотыдай таранған Түркістанның тынысы жайлы хабарлар дайындап, қалың көрерменнің көңілінен шықты. Түркiстанда болып жатқан той қарсаңындағы оқиғаларды, одан кейiнгi тыныс-тiршiлiктi назарда жiтi ұстады. Қоғам қайраткерлерiн, зиялы қауым өкілдері мерейтой иелерiне арнайы деректi фильмдер жасады. Телеарнадағы тәжiрибесi еленiп, Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығына орай, құрылған «Жеңiс» тобының сапында сұрапыл соғыс болған Беларусь, Ресей, Украина елдерiнде болып, боздақтар жатқан жерлерге зиярат жасап, осы жолдан «Ағалар кеткен жолменен» атты жолжазба жазып, арнайы фильм дайындады.

Жалпы түркістандықтарға Дүйсенбек Төлегенұлының тағы бір қыры «асабалық» қабілеті десек жарасады. Түркістан қаласы мен ауыл округтерінің ресми жиналыстары болсын, қалалық деңгейдегі іс-шаралар болсын, бейресми түрлі той-жиындар өтетін болса көбісі Дүйсекеңді іздейтін.

2006 жылдан «Түркістан», «Туркистон» газеттерінде жауапты хатшы қызметіне келген күннен бастап Дүйсекеңмен тығыз байланыс орнаттық. Өйткені, екеуіміздің де шыққан жеріміз Шорнақ ауылы болған соң мені «іні» деп, ол кісіні мен «аға» деп қалың араласып кеттік. Марқұм Нұралы Дүйсекеевтің де шыққан жері Шорнақ болған соң әріптестер арасында «Шорнақтықтар», «Шорнақтан шыққан шабандоздар» деп те аталып кеттік. Екі тілде шығатын қос газеттің жауапты хатшысы болып газетіміздің сапалы, мазмұнды шығуына аянбай тер төкті. Аптасына бір рет басылатын газеттің уақытылы шығуы, мақалалардың дер кезінде дайындалуы, бір сөзбен айтқанда «Инемен құдық қазу» сияқты қызығы мен қиыншылығы мол жұмыстың үдәбарасынан шықты. Әріптестер арасында үлкен құрметке бөленді. Жас буын қаламгерлердің ұстазы атанды.

Дүйсекеңнің көңілі әр кез ашық, жүрегі кең болатын. Айналасында дос-жарандары, ағайын-туыстары жеткілікті. Жұмысқа ол кісіні іздеп келетін ағайындары күнде қал-жағдайын сұрап келетін. Әзілді әр сөзінде қолданып, төңірегіне жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүретін. Сымтетігіне қоңырау шалған адамдарға «Гүлденген әлем, Тельманнан сәлем» (қазіргі Әмір Темір аялдамасы) деп те қалжындайтын. Кейде жұмыстың аяғында «Шаршадық-қой, бүгін через Тельман қайтайық…» деп те әзілдеп қоятын еді. Иә, әр күні естелікке толы Дүйсекеңнің редакциядағы 10 жылдық тынымсыз еңбегі 2016 жылы зейнеткерлік демалыспен жалғасты. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, зейнеткерлік демалыста жүрген Дүйсенбек Төленгенұлы өмірлік жары Ғалия жеңгемізбен 3 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсірді. Ұлдары мен қызы бүгінде өмірде өз орнын тапқан бақытты жандар.

Сөз соңында Дүйсенбек Жұмабаевты баспасөз күні мерекесімен, шілде айы басында 68 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, немере-шөберелерінің ортасында аман-есен жүре беруіне тілектеспін.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы