САПАЛЫ БІЛІМ – САНАЛЫ ҰРПАҚ КЕПІЛІ

1  073 көрілім

Түркі дүниесінің рухани астанасы мәртебесіне ие болған қаламыздың күйі күн санап көріктеніп келеді. Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығымен жаңарған Түркістанның бет-бейнесінің бір келбеті Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылдың 6 маусым күні Н.Назарбаев киелі Түркістан шаһарын дамыту мақсатында Түркістан Мемлекеттік университетін ашу туралы Жарлығын шығарған еді. Міне осы сәттен бастап Түркістан өз даму даңғылына түскен болатын. Елбасымыздың Түркі жұртының Ұлы ойшылы мен қазақ халқының хан-сұлтандары, би-батырлары мәңгі тыныс тапқан Түркістанға деген құрметі ерекше. Бұл – қала жұртшылығының көңіліне демеу, қажыр-қайратына қамшы.

Бүкіл түркі жұрағатының басын қосқан Ахмет Ясауи университеті – түркі әлеміндегі бірегей білім ордаларының қатарында. Бұл үлкен мақтаныш. Осы уақытқа дейін 70 мыңнан астам маман даярлады. Бүгінде әлемнің 17 елінен келген 30 ұлт пен ұлыс өкілдерінің жастарына білім беріп отыр. Түркі жастары мұнда білім алып, өздеріне туыстас бауыр халықтарды танып, өзінің көктүріктің ұрпағы екенін біліп қайтады. Әлемдік жаһандану үдерісі жағдайында Түркі әлемінің рухани, мәдени интеграциясының алтын көпіріне баланған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ 2018 жылдан бастап түркітілдес мемлекеттердің университеттер Кеңесіне төрағалық етіп келеді. Аталмыш кеңесте Түркия, Қазақстан, Қырғыз Республи­касы­, Әзербайжан елдерінің 19 университеті мүше.

1991 жылы 332 студент қабылданса, қазіргі таңда 10 мыңнан астам студент білім алады. Еліміздегі білім реформасының жетілдірілуі мен саннан сапаға көшу мақсатында сырттай оқу жүйесін тоқтатқанға дейін, Тараз, Шымкент, Алматы бөлімдері жұмыс жасап тұрған тұста (2002-2008 ж.ж.) университет білімгерлері 30 мыңға жуық болатын. Сапалы маман даярлауды басты ұстаным еткен оқу орын басшылығы үлкен межелерге көз тігіп, халықаралық мәртебедегі университеттің сапалық көрсеткішін де әлемдік деңгейге көтеруді мақсат етуде.

Қазіргі таңда университетті таңдаған талапкердерге оқу орны Қазақстан Республикасы грантымен қоса, Түркия Республикасының грантын (квота) ұсынып отыр. Бұдан бөлек Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес Қазақстан Үкіметі жыл сайын Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ үшін түркі­тілдес мемлекеттердің жастарын оқытуға 200 арнаулы мем­­­лекеттік білім беру грантын тағайындап келеді. Бұған қоса таяуда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қамқорлығы нәтижесінде тағы да 50 грант бөлінетін болды. Бұл – оқу орнының бәсекеге қабілеттілік құзыретінің едәуір бай екендігінің жемісі деп білеміз.

Қазіргі уақытта университет қабырғасында ең үздік білім бағдарламаларының 54 бакалавриатын, магистратураның 30 бағдарламасын, PhD докторантураның 11, резидентураның 3, интернатураның 7 мамандығын оқытады. Білім ошағына кірген студентті ғылым докторы дәрежесіне дейін сабақтастыра отырып дайындайтын университеттің келешегі кемел. Еліміздің үздік ұстаздарынан жасақталған оқытушылық құрамда 71 доктор, 282 ғылым кандидаты, 67 РhD доктор жұ­мыс істейді. Халықаралық біліктілік алуға мүмкіндік беретін оқу орны қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде дәріс жүргізеді. Бұл өз кезегінде студенттердің бакалавр дәрежесін алғаннан кейін магистратура мен докторантураны әлемнің кез-келген елінде оқуға мүмкіндік береді.

Оқу орнының материалдық-техникалық базалары заманауи үлгіде жасақталған. Жаратылыстану ғылымы бойынша лабораториялық дәрісханалар жұмыс жасайды. Жаратылыстану ғылымының атасы саналатын физика саласын оқыту ісі бағзы замандардан жалғасып келе жатқаны мәлім. Бірақ бүгінгі күнде де ол өз өзектілігін жойған жоқ. Себебі физика – бүтін материалды дүниенің зерттеушісі. Осы себепті университетте 2004 жылдан «Физика» кафедрасы ашылды. Кафедра меңгерушісі қызметіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ф.м.ғ.д., профессор А.Н.Бақтыбаев тағайындалған болатын. Білікті ұстаз 2004-2013 жылдар аралығында кафедраның аяқтан тұруына қызмет жасады. Қазіргі таңда физика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған әрбір түлек «7M01506-Физика педагогтерін даярлау», «7M05325-Физика» магистратура бағдарламасында білімін жалғастыра алады. Сондай-ақ, «8D01503-Физика педагогтерін даярлау» докторантура бағдарламасы бойынша PhD докторы болуға мүмкіндік алады.

Бүгінгі таңда физика мамандығы бойынша дәріс беріп жүрген ұстаздар қатарында осы кафедраның түлектері де бар. Олар: PhD, доцент Ш.Р.Курбанбеков, PhD, доцент м.а. Ш.Ж.Раманкулов, магистр-оқытушылар – Н.Ә.Шектібаев, А.С.Мыңтасова, А.Ж.Батырбекова, зертхана лаборанты – Ж.П.Ботбаевалар.

Физика мамандығын бітірген мамандар мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, бизнесте, басқа да жекелеген салаларда қызмет атқарады. Бұл саланың қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие болуы таңданарлық дүние емес. Бұған дейін де, бұдан кейін де аталған мамандыққа деген сұраныс өз қажеттілігін жоймайтыны анық.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген түлектердің қазіргі таңда үлкен белестерді бағындырып жүргені қаламыз үшін де зор мақтаныш. Киелі топырақтан нәр алған әрбір жас үлкен өмір табалдырығын аттағанда, бәсекеге қабілетті мамандық иесі болумен қатар, бойында рухани байлық пен қазақы салт-сананы қалыптастырады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы