Бүгін қаладағы облыстық Жастар орталығында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланың белсенді жастарымен кездесіп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Басқосуда қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы шаһарға әкім болып келгелі атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы уақыттағы жоспарларымен таныстырып өтті. Әкімнің айтуынша қаланы 6 секторға бөлгенін, оған жауапты басшыларды бекіткенін, әр секторда 15 адам жұмыс жасайтынын атап өтті.
Бұдан бөлек, қала әкімі жастарға қатысты қаладағы орталық «Жеңіс» саябағындағы аттракциондарды көбейту бағытында тиісті мамандарға тапсырма бергенін, қалада туризм саласын жандандыру мақсатында халыққа қызмет көрсететін орындарды талапқа сай қызмет көрету мақсатында жас мамандарды арнайы курстарды оқуға, қаланы таза да көрікті етіп ұстау қажеттігін, абаттандыру бағытында жұмыстарға жастарды үлес қосуға шақырды. Сонымен қатар, қазіргі маусымдық демалыс кезінде жастарды қаланың абаттануына, жасыл желекке айналуына орай, «Құрылыс отрядын» құру, 2 ай мерзімде жаңа оқу жылына дейін жұмыс жасауға кеңес берді. Кездесуде қала әкімі тоқсанына бір рет жастармен кездесіп тұратынын жеткізді.
Ашық, еркін форматта өткен кездесуде шаһар басшысына жастар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауаптарын алды. Болашағын ойлаған халқымыз «Асыл тастан, ақыл жастан» деп әрдайым жастарға үлкен сенім артып, олардың алғы күндерге деген құлшынысына қанат бітіріп отырған. Осынау ұлағат тәуелсіздік жылдары ішінде құлашын кеңге жайып, жастардың бүгінгі күн мен болашаққа сеніммен қарауына және жан-жақты жарасымды жетілуіне кең жол ашты. Оның үстіне Елбасымыздың «Біздің болашағымыз – жастар» деген жалынды сөзі мен ерекше аялы қамқорлығы жастардың жігерін ұштап, олардың әрбір істе биіктерден көрінуіне серпін беріп келеді.
