ДИДАР ХАМЗА ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

1  922 көрілім

Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2016 жылы Рио Олимпиадасына жолдама алып, Бекзат Саттархановтан кейін Олимпиадаға қатысқан түркістандық алғашқы спортшы ретінде тарихта қалған балуанымыз Дидар Хамза, міне, араға жылдар салып Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Бұған дейін көптеген дүбірлі додаларда жүлде алған қазақ балуаны 81 келіде екінші рет Олимпиадада бағын сынайтын болды. Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық рейтингке сәйкес жолдама алған дзюдошылар тізімін жариялады. Бұл тізімде Түркістан облысының саңлағы да бар. Естеріңізге сала кетейік, Дидар бұл жолдаманы құрлықтық квота бойынша иеленді. Сондай-ақ, Олимпиадада дзюдошыларымыз 60 келіде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам Бозбаев, әйелдер арасында 48 келіде Отгонцэцэг Галбадрах олимпиадалық рейтингте тиісті ұпай жинап, ел намысын қорғайтын болады.

Жалпы түркістандық спортшылардың қоржынында 5 жолдама бар. Атап айтсақ, бокстан Сәкен Бибосынов, байдаркада есуден Наталья Сергеева, академиялық есуден Владислав Яковлев және параканоэден Бибарыс Спатайлар байрақты бәсекеде күш сынайды. Санаулы күндерден кейін Жапонияның Токио қаласында алауы жанатын Жазғы Олимпиада ойындарында жерлестерімізге сәттілік серік болсын дейміз.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы